ҚОҒАМ

Қазақстанда автогаз бекеттеріне қойылатын талаптар күшейеді

Мәжіліс депутаттары автогаз пайдаланатын көлік иелеріне арналған ережелерді қайта қарастыратын заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Аталған құжат техникалық қауіпсіздікті күшейтуге және нарықтағы отын тапшылығын реттеуге негізделген, деп хабарлайды Bugin.kz

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: exclusive.kz

Заңнамаға өзгерістер енгізуге Түркістан мен Атыраудағы АЖҚС-тарда болған жойқын жарылыстар себепші. Өткен жылы орын алған бұл оқиғалар адам өліміне әкеліп соқты, сондықтан билік мұндай апаттардың алдын алу үшін шұғыл реформаларды қолға алды.

Елдегі жанармай құю бекеттерінің басым бөлігі, 3 мыңнан астам нысанның 90%-ы әлі күнге дейін жер үсті резервуарларын пайдаланып келеді. Осыған байланысты, жаңа заң жобасы аталған сектордың жұмысына қатаң шектеулер қойып, қауіпсіздік стандарттарын түбегейлі өзгертуді көздейді.

Заң жобасында бекітілген жаңа техникалық талаптар:

  • Жаңадан бой көтеретін барлық автожанармай құю станциялары тек жер асты резервуарларымен жабдықталуы міндеттеледі;
  • Қазіргі таңда жұмыс істеп тұрған станция иелеріне қолданыстағы резервуарларын жер астына көшіру үшін 2031 жылдың 1 қаңтарына дейін уақыт беріледі;
  • Автокөліктер мен тұрмыстық баллондарды арнайы рұқсат етілмеген орындарда толтыруға қатаң тыйым салынады.

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршиннің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша сұйытылған газға сұраныс 2 миллион тоннаға жетсе, отандық өндіріс небәрі 1,8 миллион тоннаны құраған. Сондай-ақ газ нарығындағы теңгерімді сақтау үшін өңір әкімдіктеріне газ бекеттерінің желісін бақылау және олардың сандық лимитін белгілеу құқығын беру көзделуде.