САЯСАТ

Қазақстанға заманауи Boeing 787 Dreamliner ұшақтары жеткізіледі. АҚШ-қа тікелей рейс жоспарлануда

Қазақстанның авиация саласында үлкен серпіліс күтілуде. Ақорда таратқан соңғы мәліметтерге сүйенсек, 2026 жылдың соңына қарай еліміз бен Америка Құрама Штаттары арасында алғаш рет тікелей әуе қатынасы орнатылмақ. Бұл тарихи қадам заманауи Boeing 787 Dreamliner ұшақтарының келуімен тікелей байланысты, деп хабарлайды Bugin.kz

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: Aqorda

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-қа жұмыс сапары аясында Boeing корпорациясының атқарушы вице-президенті Джефф Шоккимен кездесті. Кездесу барысында еліміз үшін маңызды келіссөздер жүргізілген.

«Президент отандық Air Astana, SСAT және Vietjet Qazaqstan компаниялары еліміздегі авиация саласын дамытуда ерекше маңызға ие ортақ жобаларды одан әрі ілгерілетуге мүдделі екенін атап өтті. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Air Astana мен Boeing арасында ұшақ жеткізу бойынша келісімге қол қойылғанын құптады. Биыл жыл соңына дейін Құрама Штаттарға тікелей әуе қатынасын ашу мақсатында Boeing 787 Dreamliner ұшақтары елімізге жеткізіледі деп жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, SCAT әуе компаниясы қосымша Boeing ұшақтарын сатып алмақ. Сондай-ақ америкалық корпорациямен серіктестік негізінде Шымкент әуежайында алғашқы техникалық қызмет көрсету және жөндеу орталығын ашу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Джефф Шокки компанияның цифрландыру саласындағы жоспарымен бөлісіп, Қазақстанның көлік-транзит әлеуетіне жоғары баға берді. Оның айтуынша, әуемен жүк тасымалдау бағытында нәтижелі ықпалдастық орнатуға мүмкіндік мол», - деп хабарлады Ақорда.

Келіссөздердің басты жаңалығы ретінде биыл жыл соңына дейін Қазақстанға заманауи Boeing 787 Dreamliner ұшақтарының жеткізілетінін айтуға болады. Бұл қадам еліміз бен Құрама Штаттар арасындағы алғашқы тікелей әуе қатынасын іске қосуға жол ашатын стратегиялық шешім болмақ.