ДЕНСАУЛЫҚ

Елімізде дәрі-дәрмек бағасы қымбаттады

Қазақстанда фармацевтикалық нарықта айтарлықтай қымбатшылық байқалды. Ұлттық статистика бюросының есебіне сәйкес, 2026 жылдың қаңтар айында дәрілік заттардың бағасы жылдық көрсеткіште 15,1%-ға артқан. Бұл соңғы бірнеше жыл ішіндегі ең жоғары инфляциялық қарқын болып тіркелді, деп хабарлайды Bugin.kz

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фотоколлаж: Елдар Қаба

Дәрі-дәрмек құнының күрт өсуіне 2025 жылдың тамыз айында күшіне енген шекті баға туралы бұйрық тікелей әсер еткен көрінеді. Егер бұған дейін баға өсімі жылына 7-8% деңгейінде қалыпты сақталса, жаңа ережеден кейін бұл көрсеткіш 9-15% аралығына дейін  артқан.

Сарапшылар өндірушілер мен дистрибьюторлар мемлекет реттейтін дәрі-дәрмектерден жоғалтқан пайдасын басқа өнімдердің құнын арттыру арқылы толтырып отыр деген болжам ұсынады. Дәрі-дәрмек құнының артуына шекті баға енгізудің жанама салдары болуы да ықтимал.

Ұлттық статистика бюросының іріктемелі зерттеуі қазақстандықтардың денсаулық сақтау шығындарының артқанын көрсетті. 2025 жылдың үшінші тоқсанында әрбір тұрғынның дәрі-дәрмекке жұмсайтын орташа шығыны 4 мың теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 8,4%-ға өскен. Айта кетерлігі, бұған дейінгі екі жыл бойы бұл көрсеткіш 3,3–3,7 мың теңге аралығында тұрақты болған еді.

Дәрі-дәрмек бағасының шарықтауы халықтың денсаулығына тікелей қауіп төндіре бастады. Соңғы әлеуметтік сауалнамаларға сүйенсек, қазақстандықтардың 22,5%-ы қаржының тапшылығынан қажетті ем-домнан бас тартуға мәжбүр болған. Бұл көрсеткіш бір жылда 2,3 пайыздық тармаққа өскен. Сонымен қатар, нарықтағы тапшылық та сезіледі: қажетті препаратты таба алмай, медициналық көмексіз қалғандардың үлесі 3,5%-дан 5,3%-ға дейін ұлғайған.

Мамандар өндіруші, жеткізуші және тұтынушы мүдделері арасындағы тепе-теңдікті сақтайтын жаңа, тиімді модель қажет екенін алға тартады. Егер жүйелі өзгерістер жасалмаса, халық үшін дәрі-дәрмектің қолжетімділігі мәселесі дағдарыс деңгейіне жетуі мүмкін.