ДАМУ

Каспий теңізін кешенді зерттеуге Үкімет резервінен 1,1 миллиард теңге бөлінді

Каспий теңізінің экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында нақты қадамдар жасала бастады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың теңіз айдынын кешенді зерттеу және өңірдің тұрақтылығын сақтау жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Үкімет резервінен қаражат бөлінді, деп хабарлайды Bugin.kz

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: gov.kz

Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған жаңа қаулыға сәйкес, «Каспий теңізі жөніндегі қазақ ғылыми-зерттеу институты» акционерлік қоғамына 1,1 миллиард теңге бөлінді. Қаржыландыру теңіздің тартылу себептерін анықтауға, биоалуантүрлілікті қорғауға және су айдынының экологиялық мониторингін жаңа деңгейге көтеруге, ихтиофаунаны зерттеуге, итбалықтардың жаппай қырылу себептерін анықтауға және олардың популяциясын сақтау мәселелерін шешуге мүмкіндік береді.

Ғылыми институт енді Каспийдің қазақстандық секторындағы өзгерістерді жіті бақылап, мемлекеттік деңгейдегі маңызды шешімдердің ғылыми базасын әзірлейтін болады. Сондай-ақ бөлінген қаражатқа теңізде мониторинг жүргізу үшін негізгі жабдықтарды сатып алу және гидробиологиялық және гидрохимиялық зертханаларды жарақтандыру жоспарланып отыр.

Қазіргі таңда ғылыми-зерттеу институты теңіз мәселелерін шешудің тиімді тетіктерін қалыптастыру мақсатында жаһандық ғылыми кеңістікке қарқынды кірігіп жатыр. Атап айтқанда, мекеме Каспий маңы мемлекеттерінің жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарын біріктіретін халықаралық қауымдастықтың толыққанды мүшесі атанды. Ынтымақтастық тәжірибе алмасу мен ортақ экологиялық жобаларды іске асыруға жол ашады.