ҚОҒАМ

Бүгін – Алаш көшбасшысы Әлихан Бөкейханның туғанына 160 жыл

Бүгін – ұлттық намыстың символы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, публицист, Алаш автономиясының негізін қалаушы Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның дүниеге келген күні, деп хабарлайды Bugin.kz

 

Қазақ халқының саяси бостандығы жолында аянбай еңбек еткен Әлихан Бөкейхан — еліміздің алғашқы саяси партиясының жетекшісі, ірі мемлекет қайраткері және тарихымызда өшпес із қалдырған бірегей ғалым. Оның есімі ұлттық сана-сезім мен мемлекеттік егемендіктің символына айналды.

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: Ашық дереккөз

Алаш көшбасшысы Әлихан Бөкейхан 1866 жылы бұрынғы Семей облысы, Қарқаралы өңірінде өмірге келген. Оның тегі қазақ тарихында есімі құрметпен аталатын Көкжал Барақ пен Бөкей хан сынды айбынды билеушілерден бастау алатын ақсүйек төре әулетіне жатады. Іргелі білімді Ресейдің мәдени орталығы Санкт-Петербургтегі орман институтының экономика факультетінде алған ол, кейіннен Омбыдағы техникалық училищеде математика пәнінен сабақ берді. Әлихан Нұрмұхамедұлы жас кезінен-ақ туған өлкесінің жер бедері мен экономикалық әлеуетін зерттеуді басты мақсаты санады. Әсіресе, Ф.А. Щербина бастаған ғылыми экспедиция жұмысына белсене қатысып, қазақ сахарасының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы мен шаруашылық жүйесін ғылыми тұрғыдан жан-жақты саралады.

Әлихан Бөкейханның ғалымдық болмысы Ресейдің ірі экономистерімен иық тірестіре жүріп, қазақ жерінің географиялық және тарихи бейнесін түбегейлі сипаттауымен ерекшеленеді. Алаш көшбасшысы ұлттық мәдениет пен халықтық дүниетанымның құндылығын әлемдік деңгейде паш етті. Әсіресе, ұлы Абайдың мұрасын алғаш рет орыс тілді ортаға таныстыру арқылы қазақ әдебиетінің интеллектуалдық биігін айқындап берді.

1905 жылы Бірінші Мемлекеттік Думаның депутаты болып сайлануы оның саяси қайраткерлігін жаңа белеске көтерді. Патшалық Ресейдің отарлау саясатына ашық қарсы шыққаны үшін Самараға жер аударылғанына қарамастан, ол күресін тоқтатқан жоқ. Сол жақта жүріп, «Қазақ» газетінің беттерінде «Қыр баласы» деген бүркеншік есіммен ұлтты оятуға, елдік мәселелерді шешуге бағытталған өткір мақалаларын жариялап, халықтың рухани темірқазығына айналды.

1917 жылғы Ақпан төңкерісі тудырған тарихи мүмкіндікті Әлихан Бөкейхан мүлт жіберген жоқ. Ол жалпықазақ сьездерінің басын біріктіріп, ұлттың саяси ерік-жігерін танытқан «Алаш» партиясы мен Алашорда автономиялы үкіметінің құрылуына тікелей мұрындық болды. Бұл  қазақ мемлекеттілігінің қайта түлеген айтулы кезеңі еді.

Кеңестік билік орнағаннан кейін де Әлихан Нұрмұхамедұлы саяси қуғын-сүргінге қарамастан, Алаш арыстарымен бірге ағартушылық майданында қалды. Ол халықтың сауаттылығын арттыру, төл ғылымды қалыптастыру және әлемдік классиканы ана тілімізге аудару ісіне өлшеусіз үлес қосты.

Бүгінде Әлихан Бөкейханның есімі азаттық пен егемендіктің өшпес символы, кейінгі толқын үшін отаншылдықтың биік шыңы болып қала бермек.