ҚОҒАМ

Үкімет басшысы су тасқыны қаупі жоғары аймақтардағы алдын алу шараларын басты назарға алды

Премьер-министр Олжас Бектенов Ақмола облысына жұмыс сапары барысында өңірдегі су тасқыны жағдайымен танысып, төтенше жағдайларды жою жөніндегі республикалық жедел штаб отырысын өткізді, деп хабарлайды Bugin.kz

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фотоколлаж: Ulysmedia

Премьер-министрдің пайымдауынша, қазіргі жағдайда алдын алу шаралары мен жан-жақты дайындық бірінші кезектегі міндет болуы тиіс. Олжас Бектенов төтенше жағдайларға қарсы іс-қимылдың жоғары деңгейде болуын басты назарға алды.

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

«Әкімдер жұмысты күшейтіп, әсіресе, елді мекендер маңында су тасқынына қарсы жоспарланған іс-шараларды сапалы түрде жүзеге асыруы қажет. Бұл су басу қаупі бар барлық өңірге қатысты. Бір апта ішінде әкімдіктер қауіп деңгейі жоғары елді мекендерге барып, жағдайды зерделеп, қажет шараларды қабылдауы керек», - деді Олжас Бектенов.

Штаб отырысында Экология және табиғи ресурстар, Су ресурстары және ирригация, Төтенше жағдайлар министрлері, сондай-ақ, Көлік, Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрлері су тасқынына дайындық барысы туралы баяндама жасады.

Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтың айтуынша,  наурыз айының басынан бері министрлік мамандары гидрологиялық жағдайды бақылауда ұстап, қауіпті аумақтарды 24/7 режимінде бағамдау үстінде. Бұл шаралар тасқын қаупін дер кезінде анықтап, шұғыл әрекет етуге мүмкіндік береді.

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

«Су тасқыны кезінде төтенше жағдайларды жою және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жалпы саны 39 мың адамнан асатын республикалық, өңірлік топтар құрылды. Сондай-ақ, 18 мыңнан аса техника мен арнайы құрал дайындалды. Барлық қызмет жоғары жауынгерлік дайындық режиміне келтірілді. Ахуал күрделенген жағдайда қажет шешім дереу қабылданады», - деді министр.

Мамандардың болжамына сүйенсек, Ақмола, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында күрделі ахуал сақталуда. Қауіпті аймақтар тізіміне еліміздің тағы 10 облысы енген. Соған қарамастан, оңтүстік пен батыстың кейбір өңірлерінде (Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Жамбыл) тасқын қаупінің беті қайтқан немесе төменгі көрсеткіште екені айтылды.