ҚОҒАМ

Digital-Наурыз: дәстүр мен технология тоғысқан мереке

18 наурыз күні Халықаралық инженерлік-технологиялар университетінде Ұлыстың ұлы күніне арналған ерекше форматтағы «Digital-Наурыз: дәстүр мен технология» атты студенттік мерекелік іс-шара өтті. Биылғы Наурыз мейрамы инженерлер ордасында тек ұлттық құндылықтармен шектелмей, заманауи цифрлық шешімдермен астасып, жаңа мазмұнға ие болды.

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: metu.univer

Іс-шараның басты мақсаты – Наурыз мейрамының бай мәдени мұрасын цифрлық технологиялар арқылы насихаттау, сондай-ақ студенттер арасында мәдениет пен инновацияны ұштастыратын заманауи білім беру алаңын қалыптастыру. Бұл бастама жастардың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың шығармашылық және цифрлық қабілеттерін дамытуға бағытталды.

Мерекелік шара университет басшылығының құттықтау сөзімен басталды. Қатысушыларға Наурыз мейрамының мән-маңызы, оның халықтар арасындағы бірлік пен татулықты нығайтатын ерекше мереке екені атап өтілді. Сонымен қатар ұйымдастырушылар «Digital-Наурыз: дәстүр мен технология» іс-шарасының тұжырымдамасын таныстырып, ұлттық мәдениетті жаңа заманның технологиялық мүмкіндіктерімен үйлестірудің маңыздылығына тоқталды.

Фото: metu.univer

Фото: metu.univer

Іс-шара бағдарламасы бірнеше мазмұнды блоктан тұрды. Интеллектуалды-танымдық бөлімде студенттер интерактивті форматтағы викториналар мен квиздерге қатысып, қазақ халқының салт-дәстүрлері, Наурыз мейрамының тарихы мен символикасы жөніндегі білімдерін сынады. Kahoot платформасы арқылы ұйымдастырылған ойындар жастардың ерекше қызығушылығын тудырып, білім мен ойын элементтерін ұштастырған тартымды форматқа айналды. Сонымен қатар ESG қағидаттарына негізделген конкурстар өткізіліп, студенттер экологиялық мәдениет, әлеуметтік жауапкершілік және тұрақты даму тақырыптары бойынша өз идеяларын ортаға салды.

Мерекелік шараның келесі бөлігі – шығармашылық бағдарлама болды. Бұл кезеңде студенттер дайындаған музыкалық, би және поэзиялық қойылымдар сахна төрінде көрермендерге ұсынылды. Домбыраның күмбірлеген күйі, ұлттық би өнерінің әсем қозғалыстары мен жалынды жырлар Наурыз мейрамының шынайы рухын сезіндіріп, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.

Іс-шараның ең жарқын және мазмұнды бөлімдерінің бірі – «Бағдарламалық инженерия» кафедрасының ұйымдастыруымен өткен «Digital Art: қазақ ою-өрнектері негізінде» атты шығармашылық байқау болды. Байқауға қатысқан студенттер заманауи графикалық бағдарламалар мен мультимедиялық құралдарды пайдалана отырып, қазақтың бай ою-өрнек өнерін жаңа цифрлық форматта ұсынды. Қатысушылардың жұмыстары цифрлық ашық хаттар, креативті постерлер түрінде ұсынылып, ұлттық өнер мен заманауи дизайнның үйлесімді байланысын көрсетті.

Сонымен қатар инновациялық блок барысында студенттер мәдениет пен технологияны біріктіретін шағын жобаларын таныстырды. Бұл жобалардың қатарында жасанды интеллект элементтерін, мультимедиялық платформаларды және цифрлық визуализация құралдарын қолданған бастамалар болды. Мұндай жобалар жастардың шығармашылық ойлау қабілеті мен технологиялық сауаттылығының жоғары деңгейін көрсетті.

Іс-шара соңында қазылар алқасы байқаулардың қорытындысын шығарып, үздік деп танылған жұмыстардың авторларын марапаттады. Белсенді қатысушылар мен жеңімпаздарға дипломдар, сертификаттар және арнайы сыйлықтар табысталды. Бұл марапаттар студенттердің еңбегін бағалап қана қоймай, олардың болашақта да шығармашылық және ғылыми бастамаларға белсенді қатысуына ынталандыру болды.

Мұндай форматтағы мерекелік іс-шаралар студенттердің жан-жақты дамуына үлкен мүмкіндік береді. Бұл іс-шара — біздің студенттердің тек қана техникалық маман емес, сонымен қатар өз елінің мәдениетін құрметтейтін, оны жаңа заман тілінде сөйлете алатын тұлға екендігінің дәлелі.

Фото: metu.univer

Фото: metu.univer

«Digital-Наурыз 2026» іс-шарасы METU қабырғасында дәстүр мен жаңашылдықтың үйлесімді байланысын айқын көрсетті. Ұлттық құндылықтар мен заманауи технологиялар тоғысқан бұл мереке жастардың мәдени сана-сезімін арттырып, шығармашылық пен инновацияға толы жаңа бастамаларға жол ашты. Осындай жобалар арқылы университет қабырғасында ұлттық мұраны дәріптеу мен технологиялық дамуды қатар ілгерілетуге бағытталған жаңа мәдени-білім беру дәстүрі қалыптасып келеді.

Халықаралық инженерлік-технологиялық университеті

Бағдарламалық инженерия кафедрасының меңгерушісі, PhD

Сакыпбекова М.Ж.