ҚОҒАМ
Мемлекет басшысы ХІV Қысқы Паралимпиада ойындарының чемпионы Ербол Хамитовты III дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады, деп хабарлайды Bugin.kz.
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]
Фото: Aqorda
Ақорда төрінде ХІV Қысқы Паралимпиада ойындарының чемпионы Ербол Хамитов пен оның бапкерлерін салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Италияда өткен дүниежүзілік доданың еліміз үшін тарихи табысқа толы болғанын ерекше атап өтті.
Президент өз сөзінде жаһандық бәсекеде бір алтын және бір қола медаль иеленіп, ел мерейін үстем еткен отандасымыз Ербол Хамитовтың қайсарлығы мен кәсібилігіне жоғары баға берді.
– Нағыз чемпион атанып, еліміздің мерейін үстем етті, көк Туымызды биікте желбіретті. Бұл – қазақ параспорты үшін тарихи жетістік. Ербол қазақтың қайсар, өр рухты әрі намысты ұлт екенін күллі әлемге паш етті. Сондықтан, ең алдымен, саған және бапкерлерге шынайы ризашылығымды білдіремін. Паралимпиада ойындарына аттанар сәтте мен еліміздің көк Туын саған табыстадым. Сол артылған сенімді толық ақтап, Қазақстанға жеңіспен оралдың. Керемет нәтижеге жеттің! Соның арқасында еліміз командалық есепте 18-ші орынға табан тіреді. Үздіктердің ішінен алға шығып, чемпион болу оңай емес. Бұл – жылдар бойғы тынымсыз дайындық пен қажырлы әрі табанды еңбектің жемісі екені анық, – деді Президент.
Сондай-ақ Туризм және спорт министрлігіне қарасты Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының жаттықтырушылары Василий Коломиец пен Антон Жданович «Парасат» орденімен марапатталды, Солтүстік Қазақстан облысындағы «Үміт» спорт клубының бапкері Аслан Тоқбаевқа «Құрмет» ордені табыс етілді.