ҚОҒАМ

ҰСТАЗҒА ТАҒЗЫМ, АЛЬМА-МАТЕРГЕ ҚҰРМЕТ

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде дәстүрлі «Түлектер күні» жоғары деңгейде аталып өтті. Қара шаңырақтың әр жылдардағы түлектерін бір арнаға тоғыстырған бұл шара ұстаздар мен шәкірттер арасындағы рухани сабақтастықты жаңғыртқан тағылымды мерекеге айналды. Биылғы кездесу Тарих факультеті үшін айрықша маңызға ие болды. Туған білім ордасына факультетті осыдан 40, 35, 30 және 20 жыл бұрын тәмамдаған әр буын өкілдері жиналып, студенттік жылдардың жарқын естеліктерін бөлісті.

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: Mara Beey

Салтанатты жиынды тарих ғылымдарының докторы, профессор, факультет деканы Досбол Сүлейменұлы Байғұнақов ашып, жиналған қауымды мерекемен құттықтады. Өз сөзінде ол тарих факультетінің еліміздің ғылыми, білім беру және қоғамдық өмірінде өзіндік орны бар мамандарды даярлаған іргелі ғылыми орталық екенін атап өтті. Сонымен қатар факультет түлектерінің Қазақстанның түрлі салаларында табысты еңбек етіп жүргенін ерекше мақтанышпен жеткізді. Кездесуге тарих, архивтану, археология және этнология, саясаттану бөлімдерінің қазақ және орыс топтарында білім алған түлектер қатысты. Бүгінде олардың қатарында жоғары оқу орындарының проректорлары, декандары, кафедра меңгерушілері, профессорлар мен оқытушылар, мектеп директорлары мен колледж басшылары, архив және музей саласының мамандары, ұлттық қауіпсіздік құрылымдарының қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер, кәсіпкерлер және қоғамның түрлі салаларында еңбек етіп жүрген азаматтар бар.

Фото: Автор

Фото: Автор

Кездесудің басты ерекшелігі – бірнеше буын өкілдерінің бір шаңырақ астында бас қосуы болды. 40, 35, 30 және 20 жылдық түлектерге арнайы сөз беріліп, әр буын өздерінің студенттік өмірінен естеліктер айтып, факультет тарихындағы қызықты оқиғалармен бөлісті. Әр кезеңнің өзіндік ерекшеліктері болғанымен, барлық түлектерді біріктіретін ортақ құндылықтар – ұстазға құрмет, ғылымға адалдық және Альма-матерге деген сүйіспеншілік екені анық байқалды.

1991–1996 жылдары білім алған түлектердің студенттік шағы Қазақстан тарихындағы аса маңызды кезеңмен тұспа-тұс келді. Олар университет табалдырығын еліміз тәуелсіздік алған тарихи кезеңде аттап, дипломдарын жас мемлекеттің қалыптасу жылдарында алды. Сондықтан бұл буынды тәуелсіздікпен бірге қалыптасқан буын деп атауға толық негіз бар. Олардың жастық шағы, кәсіби қалыптасуы мен азаматтық ұстанымдарының орнығуы еліміздің жаңа тарихи кезеңімен қатар өрбіді. Кездесудің ең әсерлі сәттерінің бірі – өздерінің студенттік жылдарында дәріс оқыған ұстаздарымен қайта жүздесу болды. Түлектер алдында тарих ғылымдарының докторлары, профессорлар Қалқаман Тұрсынұлы Жұмағұлов, Қуанышбек Сүлейменұлы Қаражан, Аманжол Боранбайұлы Қалыш, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Берекет Бахытжанұлы Кәрібаев және тарих ғылымдарының докторы, профессор Гүлжауһар Кәкенқызы Көкебаева сөз сөйлеп, факультет тарихының жарқын беттерін еске алып, шәкірттеріне ізгі тілектерін арнады.

Фото: Автор

Фото: Автор

1991–1996 жылдары білім алған түлектер университетке қабылданған кезде тарих факультетінің деканы белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қалқаман Тұрсынұлы Жұмағұлов болатын. Ұстаздың ұйымдастырушылық қабілеті, ғылымға деген адалдығы мен білім сапасына қойылатын жоғары талаптары факультеттің ғылыми деңгейінің артуына ықпал етті. Бірнеше буын тарихшылардың қалыптасуына үлес қосқан ғалым бүгінгі күні де факультет қабырғасында жемісті еңбек етіп келеді. Араға отыз бес жылға жуық уақыт салып шәкірттерімен қайта жүздесуі кездесудің ерекше мәнді сәттерінің біріне айналды.

Тарих факультетінің тарихында өзіндік орны бар тұлғалардың бірі – тарих ғылымдарының докторы, профессор Қуанышбек Сүлейменұлы Қаражан. Факультет деканы қызметін атқарған белгілі ғалым тәуелсіздік жылдарындағы тарих факультетінің дамуына елеулі үлес қосты. Студенттердің есінде ол терең білімді, талапшыл әрі әділ ұстаз ретінде сақталған. Оның дәрістері мен ғылыми ұстанымдары көптеген шәкірттердің ғылымға қызығушылығын арттырып, кәсіби қалыптасуына ықпал етті.

Фото: Автор

Фото: Автор

Түлектер ерекше ықыласпен қарсы алған ұстаздардың қатарында тарих ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Боранбайұлы Қалыш та болды. Студенттік жылдары ол дәріс оқумен қатар факультет деканының орынбасары қызметін атқарды. Студенттермен тығыз жұмыс істеп, оқу-тәрбие ісінің ұйымдастырылуына белсенді араласқан ұстаздың талапшылдығы мен қамқорлығы көптеген шәкірттердің жадында сақталған.

Кездесуге қатысқан Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Берекет Бахытжанұлы Кәрібаев бүгінде Қазақстан тарихы кафедрасын басқарып отыр. Студенттік жылдары ол жалпы және арнайы курстардан дәріс оқыды. Талапшылдығымен ерекшеленетін ұстаздың сабағына дайындықсыз келу мүмкін емес еді. Әрбір студенттен тарихи деректерді терең меңгеруді, дерекпен жұмыс істей білуді талап ететін. Бүгінде түлектер сол талаптардың кәсіби маман қалыптастыруға бағытталғанын ерекше ризашылықпен еске алады. Факультеттің ғылыми әлеуетін арттыруға зор үлес қосқан ғалымдардың бірі – тарих ғылымдарының докторы, профессор Гүлжауһар Кәкенқызы Көкебаева. Дүниежүзі тарихы саласының көрнекті маманы ретінде ол факультеттің ғылыми өмірінде өзіндік орны бар тұлға. Кездесу барысында ғалымның факультет тарихына қатысты айтқан естеліктері мен жылы лебіздері көпшіліктің қызығушылығын тудырды.

Фото: Автор

Фото: Автор

Кездесудің ең толғанысты сәттерінің бірі – шәкірттердің өз ұстаздарына құрмет көрсетуі болды. Түлектер білім мен тәрбие берген оқытушыларына арнайы Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етіп, шынайы ризашылықтарын білдірді. Жүректен шыққан алғыс сөздер айтылып, ұстаздарға деген құрмет пен сыйластық ерекше сезілді. Көптеген түлектер студенттік шақта талапшыл әрі қатал көрінген ұстаздардың еңбегін бүгінгі күні бұрынғыдан да жоғары бағалайтындарын атап өтті.

Түлектер күні аясында ұйымдастырылған кампус туры кездесудің ерекше әсерлі бөліктерінің бірі болды. 1996 жылғы түлектер университет қалашығын аралап, өздерінің студенттік өмірімен байланысты орындарға арнайы барды. Соңғы жылдары бой көтерген жаңа оқу және ғылыми нысандармен танысты. Солардың ішінде бүгінде ҚазҰУ-дың мақтанышына айналған әл-Фараби кітапханасы ерекше әсер қалдырды. Бұл заманауи кітапхана университеттің 75 жылдық мерейтойы қарсаңында ашылып, сол кезеңде университетті басқарған академик Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұловтың бастамасымен жүзеге асқан маңызды жобалардың бірі болды.

Фото: Автор

Фото: Автор

Сонымен қатар түлектер өздерінің студенттік жылдарының ажырамас бөлігі болған №6 жатақханаға арнайы барып қайтты. Бір кезде арман қуған жастардың басын қосқан жатақхана бөлмелері мен дәліздері, емтихан алдындағы дайындықтар, қызығы мен қиындығы қатар жүрген студенттік өмір көптеген әсерлі естеліктерді қайта жаңғыртты. Дәл осы ортада болашақ ғалымдар, ұстаздар, басшылар мен қоғам қайраткерлері қалыптасып, өмірлік достықтың негізі қаланған болатын. Кездесу барысында әр буын өкілдеріне сөз беріліп, олар студенттік жылдардағы қызықты оқиғаларымен бөлісті. Ұстаздарына алғыс айтып, факультет өмірінің ұмытылмас сәттерін еске алды. Археологиялық тәжірибелер, архивтердегі зерттеу жұмыстары, ғылыми конференциялар, кітапханадағы ұзақ дайындықтар мен жатақхана өміріне қатысты естеліктер жиынның мазмұнын байыта түсті.

Түлектердің туған факультетіне деген құрметі нақты істермен де көрініс тапты. 30 және 20 жылдық түлектер факультеттің оқу аудиторияларын заманауи талаптарға сай жабдықтауға қаржылай қолдау көрсетіп, материалдық-техникалық базаны нығайтуға өз үлестерін қосты. Сонымен қатар факультет қорына құнды кітаптар мен архивтік құжаттар жинақтарын сыйға тартты. Іс-шара барысында бірқатар белсенді түлектер әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Басқарма Төрағасы – Ректорының және факультет деканының Алғыс хаттарымен марапатталды. Қатысушыларға университеттің естелік төсбелгілері табысталды. Кездесу соңында бір нәрсе анық сезілді. Араға ондаған жылдар салса да, тарих факультетінің түлектерін біріктіретін құндылықтар өзгермеген. Олар – ұстазға деген құрмет, ғылымға деген адалдық, туған факультетке деген сүйіспеншілік және Альма-матер алдындағы перзенттік парыз. Осы жолдардың авторы да 1991–1996 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетінде білім алып, кейін ұзақ жылдар осы факультетте қызмет атқарды. Сондықтан бұл кездесу өткенді еске алу ғана емес, өмірдің ең жарқын кезеңдері өткен қасиетті білім ордасына қайта оралу, ұстаздарға тағзым ету және студенттік шақтың ұмытылмас естеліктерімен қауышу болды.

Фото: Автор

Фото: Автор

Уақыт алға жылжығанымен, тарих факультетінде қалыптасқан ғылыми мектеп, ұстаздық дәстүр және рухани сабақтастық өз өміршеңдігін сақтап келеді. Түлектердің бұл кездесуі соның жарқын дәлелі болды.

 

Жаппасов Жарылқасын Еркінұлы

Тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор
Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінің
«Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер және әлем тілдері» кафедрасының меңгерушісі

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Тарих факультетінің 1996 жылғы түлегі

 

Мемлекеттік сатып алу бойынша

8 705 324 11 61