ҚОҒАМ
Қазақстанда жүктілік және босану бойынша әлеуметтік төлемдерді алу үшін жалған құжат жасап, заңсыз схемаларды пайдаланатындар көбейген. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ мәлімдеп, Үкімет назарын аударды, деп хабарлайды Bugin.kz
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]
Фото: Ашық дереккөз
«Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысына сәйкес, жүктілік және босану бойынша әлеуметтік төлемдердің шекті мөлшерін заңнамалық реттеу шараларының уақытылы қабылданбауы салдарынан Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының активтері 67 млрд теңгеден астам сомаға шығынға ұшыраған. Сонымен қатар іріктемелі аудит нәтижесінде 17 мың әлеуметтік төлем алушының жүктілік және босану бойынша төлемін негізсіз ұлғайту мақсатында 42 жұмыс орнына дейін жалған жұмысқа орналасу фактілері анықталған. Аталған тұлғаларға төленген әлеуметтік төлемдердің жалпы көлемі 28,6 млрд теңгені құраған. Сондай-ақ бала күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдерді тоқтату немесе тоқтата тұру тетігінің болмауы салдарынан Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына 28,3 млрд теңгеден астам экономикалық шығын келтірілген», – деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.
Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ елімізде анықталған 17 мың жалған жұмысқа орналасу фактісіне қатысты құзырлы органдардан есеп талап етті. Депутат өз сауалында аталған заңбұзушылықтар бойынша қанша қылмыстық істің сотқа жолданғанын және олардың нәтижесінде қанша тұлғаның заң алдында жауапкершілікке тартылғанын нақтылауды сұрады.
Еске сала кетсек, бұған дейін мемлекеттік бағдарламалар аясында мыңдаған азаматтың іс жүзінде жұмыс істемей-ақ, қағаз жүзінде ғана орналастырылғаны туралы ақпарат қоғамда үлкен талқылау тудырған болатын. Қазіргі уақытта депутаттық сауалға байланысты тергеу амалдары мен сот үкімдерінің статистикасы пысықталып жатыр.
«Аталған фактілер бойынша мемлекетке келтірілген залалдың жалпы сомасынан Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының бюджетіне нақты қанша қаражат қайтарылды? Осындай заңсыз схемалардың қайталануына жол бермеу үшін Қаржы министрлігі тарапынан қандай цифрлық бақылау шаралары енгізілмек?», – деді Үнзила Шапақ.
Депутат сауалына орай Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі алғашқы деректерді жариялады. Атап айтқанда, вице-министр Виктория Шегай аталған заңбұзушылықтар бойынша ауқымды жұмыс жүріп жатқанын жеткізді. Оның сөзіне сүйенсек, бүгінгі таңда еліміздің 13 өңірінде 38-ден астам қылмыстық іс қозғалған.
«Барлық іс құқық қорғау органдарына жолданды. Қазір бұл істер бойынша 1000-нан астам әйел тергеліп жатыр. Алдын ала залал сомасы 3 млрд теңге болды. 9 қылмыстық іс бойынша заңсыз схемаларды ұйымдастырғандарға қатысты сот үкімі шықты», – деді вице-министр.
Бұл көрсеткіштер жалған жұмыс орындарын құру фактілерінің тек бір аймақпен шектелмей, республикалық деңгейде белең алғанын көрсетеді. Айта кетейік, елімізде заңсыз схемалар бойынша әлі де статистика нақтылануда.
Мемлекеттік сатып алу бойынша
8 705 324 11 61