ҚОҒАМ
Алматыда әлеуметтік желіде бірнеше әйелімен бірге түскен суреттері мен жазбаларын жариялаған блогерге қатысты әкімшілік шара қолданылды. Полиция мұндай жарияланымдардың заңға қайшы келетін өмір салтын қалыпты құбылыс ретінде көрсетуі мүмкін екенін айтып, түсіндіру жұмыстарын жүргізгеннен кейін блогер даулы контентті өз еркімен өшірген. Newsroom.kz таратқан ақпаратты Bugin.kz хабарлайды.
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]
Фото: Ашық дереккөз
Алматы қалалық полиция департаменті әлеуметтік желілерде көпәйелді өмір салтын ашық көрсеткен Бауыржан Бақытжанұлына қатысты әкімшілік хаттама рәсімделгенін хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, блогер өз парақшасында үш әйелімен бірге тұратынын айтып, оларды отбасының бақыты мен өмірінің ажырамас бөлігі ретінде сипаттаған. Бұл жазбалар көпшіліктің назарын аударып, құқық қорғау органдарының тексеруіне себеп болған.
Полиция мұндай контент қолданыстағы заң талаптарына қайшы келетін өмір салтын насихаттау белгілерін қамтуы мүмкін екенін атап өтті. Осыған байланысты блогермен профилактикалық әңгіме өткізіліп, әкімшілік сипаттағы шаралар қабылданған. Кейін ол әлеуметтік желідегі даулы жарияланымдарын өз еркімен алып тастаған.
Қазақстан заңнамасына сәйкес, елде бір адамның бір мезгілде бірнеше ресми некеде тұруына рұқсат етілмейді. Діни рәсім арқылы қиылған некеге қатысты жеке қылмыстық жауапкершілік қарастырылмағанымен, ресми түрде бірнеше неке тіркеу заңмен тыйым салынған.
Сарапшылардың айтуынша, әлеуметтік желіде көпшілікке ықпал ететін тұлғалардың әрекеті мен жарияланымдары қоғам пікірінің қалыптасуына әсер етеді. Сондықтан заңға сәйкес келмейтін мінез-құлықты қалыпты немесе үлгі ретінде көрсету, әсіресе жастар арасында қате түсінік тудыруы мүмкін. Осыған байланысты құқық қорғау органдары мұндай мазмұндағы жарияланымдарға ерекше назар аударып келеді.
Мемлекеттік сатып алу бойынша
8 705 324 11 61