ҚОҒАМ
Павлодар облысында рұқсатсыз қоқыс тастау фактілерінің алдын алу және тұрғындарды экологиялық құқық бұзушылықтармен күреске кеңінен тарту мақсатында жаңа ынталандыру тетігі іске қосылды, деп хабарлайды Bugin.kz.
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]
Фото: Ашық дереккөз
Жобаны жүзеге асыру үшін Табиғат қорғау прокуратурасының бастамасымен Экология департаменті, Павлодар қаласының әкімдігі, "Халық Тұмары" мобильді қосымшасын әзірлеуші серіктестік пен қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының операторы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл бастама азаматтардың экологиялық мәдениетін көтеріп, өңірдегі қоғамдық бақылауды жаңа деңгейге шығаруға бағытталған.
Жаңа жүйенің ережесіне сәйкес, "Халық Тұмары" мобильді қосымшасы арқылы заңсыз қоқыс тастау фактілерін тіркеп, белсенділік танытқан тұрғындарға арнайы балдар беріледі. Жиналған ұпайлар негізінде ай сайын үздік деп танылған азаматтарға қалалық полигонға қалдықтарды тегін шығаруға арналған арнайы талондар табысталады.
Экологиялық заңнаманы бұзушыларды анықтау мақсатында да заманауи технологиялар кеңінен қолданылуда. Бүгінде заңсыз қоқыс үйінділерін анықтау үшін ұшқышсыз ұшу аппараттары мен Жедел басқару орталығының бейнебақылау камераларының мүмкіндіктері жұмылдырылған. Бақылау шараларының нәтижесінде өткен аптада белгіленбеген орындарға қалдық төгудің 3 фактісі және мемлекеттен жалға алынған 2 гектар жер телімінің ірі көлемде ластанғаны анықталды. Қазіргі уақытта кінәлі тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту шаралары жүргізілуде.
Жергілікті атқарушы органдар тарапынан заңсыз қоқыс орындарын жою жұмыстары да қарқынды түрде іске асуда. Алдыңғы айдың қорытындысы бойынша облыс орталығында анықталған 13 ірі заңсыз қоқыс аумағы толығымен тазартылды. Табиғат қорғау прокуратурасының хабарлауынша, өңірдегі экологиялық жағдайды сақтауға бағытталған бұл жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табады.
Мемлекеттік сатып алу бойынша
8 705 324 11 61