БІЛІМ
Жоғары оқу орындарына жатақхана инфрақұрылымына байланысты жаңа талап қойылмақ. Талапкерлерді студент қатарына қабылдау процесі университеттегі жатақхана орындарының қорына тікелей тәуелді болады. Студенттерін жеткілікті түрде жатақханамен қамти алмаған ЖОО-лар лицензиясынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz.
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]
Фото: Primeminister.kz
Cоңғы уақытта елімізде студенттік баспана тапшылығын жою бағытында елеулі оң өзгерістер орын алды. 2020 жылы жатақхана жетіспеушілігі 82,5 мың орынға жетсе, бұл күнде аталған көрсеткіш кезең-кезеңімен 5 мыңға дейін қысқарды.
Бүгінде әлеуметтік жағынан аз қамтылған жастарға мемлекеттік қолдау көрсетілуде. Саясат Нұрбектің мәлімдеуінше, өткен жылы ата-анасынан айырылған және әлеуметтік осал санаттағы 3 900 студенттің әрқайсысына 29 АЕК мөлшерінде қаржылай жәрдемақы берілді.
Ғылым және жоғары білім министрінің айтуынша, студенттер үшін жатақхананың айлық төлемі де тұрақты қалыпта сақталып отыр. Алматы қаласында орташа баға айына 40 мың теңгені құраса, Тараз қаласындағы ең төменгі тариф 8 700 теңге төңірегінде.
Сонымен қатар жоғары білім саласында оқыту ұзақтығын қайта қарау бағытында маңызды бастамалар ұсынылуда. Әсіресе IT және жасанды интеллект салаларындағы оқу бағдарламалары мен мазмұны жедел жаңарып жатқандықтан, аталған бағыттар бойынша студенттерді 4 жыл бойы оқытудың қажеттілігі азайып келеді. Осыған байланысты кейбір мамандықтар бойынша бакалавриат мерзімін 3 жылға дейін қысқарту мүмкіндігі қарастырылуда.
«Кейбір салалар үшін 4 жылдық оқу мерзімі тым ұзақ болып саналады. Мәселен, IT мен жасанды интеллект сияқты бағыттардың білім мазмұны айтарлықтай жаңарды. Соған байланысты біз Үкіметке жоғары оқу орындарында оқытудың қысқартылған форматын – қолданбалы бакалавриат моделін енгізуді ұсындық», – деп атап өтті Саясат Нұрбек.
Жаңа жүйе бастапқыда колледждер базасында пилоттық режимде сыналмақ. Бастама сәтті жүзеге асса, студенттер арнаулы орта оқу орындарында жүріп-ақ бакалавриатқа тең келетін нақты мамандықты толық меңгеріп шығу мүмкіндігіне ие болады. Бұдан бөлек жыл соңына дейін елімізде ЖОО-лардың ұлттық рейтингін жасақтау және іске қосу көзделіп отыр. Бағалау жүйесі оқу орнының білім беру сапасын, инфрақұрылымдық мүмкіндіктерін және түлектердің еңбек нарығындағы сұранысын қамтиды.
Мемлекеттік сатып алу бойынша
8 705 324 11 61