ҚОҒАМ
Алматы облысында ұйымдасқан қылмыстық топтың 17 мүшесі 800-ден астам автокөлікті заң талаптарын айналып өтіп тіркегені үшін сотталды. Сотталғандарға рөлі мен қатысу деңгейіне қарай 2 жылдан 11 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бұл туралы АФМ мәліметіне сілтеме жасап, Bugin.kz. хабарлайды.
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]
Фото: Ашық дереккөз
Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті жүргізген тергеу барысында қылмыстық топтың екі жыл бойы көліктерді белгіленген талаптарды бұза отырып тіркеумен айналысқаны анықталды.
Тергеу деректеріне сәйкес, бастапқы кезеңде Қазақстанға техникалық регламент талаптарын сақтамай әкелінген 642 жүк көлігі заңсыз есепке қойылған.
Кейін заңсыз әрекеттер жеңіл автокөліктерге қатысты жалғасқан. Қылмыстық топ мүшелері «қосарланған көліктерді жандандыру» схемасын қолданған. Шетелден заңсыз әкелінген автокөліктерге бұған дейін Қазақстанда тіркеліп, есептен шығарылған көліктердің VIN-кодтары берілген. Нәтижесінде тағы 209 көлік заңсыз тіркеуден өткен.
Тергеу барысында аталған іске полиция қызметкерлері, Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары және жекеменшік нотариустардың қатысқаны белгілі болды. Олар ақпараттық жүйелерге жалған мәліметтер енгізіп, сондай-ақ басқа адамдардың атына сенімхаттарды рәсімдеуге көмектескен.
Мемлекетке төленбеген бастапқы тіркеу алымының көлемі 5,4 млрд теңгені, ал кәдеге жарату алымы 1,2 млрд теңгені құраған. Жалпы шығын 6,6 млрд теңгеден асқан.
Тергеу кезінде көлік иелері бастапқы тіркеу алымдарын өз еркімен төлеп, мемлекет бюджетіне 1 млрд теңгеден астам қаражат қайтарылды.
Бұдан бөлек, сот шешімімен сотталғандардың қылмыстық жолмен тапқан қаражатына сатып алынған бес автокөлік мемлекет пайдасына тәркіленді.
Сот үкімімен бұрынғы төрт полиция қызметкері арнайы атақтарынан айырылды. Ал іске қатысы бар нотариустарға нотариаттық қызметпен айналысуға тыйым салынды.
Мемлекеттік сатып алу бойынша
8 705 324 11 61