ҚОҒАМ

Тұрғындардың өтініштері облыс әкімінің жеке қабылдауында қаралды

Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев азаматтарды жеке қабылдап, тұрғындардың әлеуметтік және тұрмыстық мәселелерін тыңдады. Қабылдауда жұмысқа орналасу, баспана, денсаулық сақтау және қосымша білім беру салаларына қатысты өтініштер қаралды, деп хабарлайды Bugin.kz.

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: Ашық дереккөз

Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев тұрғындарды кезек тәртібімен жеке қабылдады. Кездесу барысында азаматтар өздерін толғандырған мәселелерін айтып, оларды шешуге қатысты ұсыныстарын жеткізді.

Қабылдауға келген Қызылорда қаласының тұрғыны бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар санаты бойынша тұрғын үй кезегінде тұрғанын айтып, баспана мәселесін көтерді. Өтініш иесіне тұрғын үй заңнамада белгіленген тәртіпке сәйкес кезек бойынша берілетіні түсіндірілді.

Бірқатар тұрғын жақындарын тұрақты жұмыспен қамту мәселесін көтерді. Жауапты мамандар жұмыс іздеушілерге қолданыстағы заң талаптарына сәйкес бос жұмыс орындары ұсынылатынын мәлімдеді.

Тағы бір қала тұрғыны баласының мүгедектік тобын қайта қарау туралы өтініш білдірді. Азамат бұған дейін медициналық мекемеге жүгінген. Қазіргі уақытта екінші топтағы мүгедектігі бар азамат қажетті медициналық көмекпен және тиісті құралдармен қамтамасыз етілген. Биыл санаторий-курорттық ем қабылдаған. Мамандардың қорытындысына сәйкес, мүгедектік тобын өзгертуге медициналық негіздер анықталмаған.

Сырдария ауданы Жетікөл ауылының тұрғыны да тұрғын үй кезегіне қатысты мәселе көтерді. Оның айтуынша, ол 2016 жылдың тамызында «Жалғызбасты» санаты бойынша Қызылорда қаласындағы тұрғын үй кезегіне тіркелген. Кейін ауылға қоныс аударуына байланысты кезектен шығарылған. Қазіргі уақытта аудан бойынша тұрғын үй кезегінде тұр. Өтініш иесіне тұрғын үй кезегіне қатысты заң талаптары түсіндірілді.

Жеке қабылдау барысында көтерілген мәселелердің әрқайсысы тиісті сала мамандарымен қаралып, тұрғындардың өтініштерін зерделеу және шешу бойынша жауапты басшыларға нақты тапсырмалар берілді.

Тұрғындар облыс әкімінің жеке қабылдауына eGov порталы, e-Otinish бірыңғай платформасы арқылы немесе әкімдікке жазбаша өтініш беру арқылы жазыла алады.

Жеке қабылдау азаматтардың өз мәселелерін тікелей жеткізіп, мемлекеттік органдардан нақты жауап алуына мүмкіндік беретін маңызды форматтардың бірі саналады.

Мемлекеттік сатып алу бойынша

8 705 324 11 61