ҚОҒАМ

Айырбастау пунктінсіз валютаны қалай сатып алуға болады?

Қазақстанда теңге нығайып, доллар арзандады. Қазір шетел валютасын айырбастау пунктіне бармай-ақ, банк қосымшалары арқылы сатып алуға болады, деп хабарлайды Bugin.kz.

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: Ашық дереккөз

2026 жылдың басынан бері теңгенің АҚШ долларына қатысты бағамы нығайды. Қаңтарда доллардың орташа ресми бағамы 507,6 теңге болса, шілдеде 472,1 теңгеге дейін төмендеді. Тамызда да төмендеу жалғасып, 24 тамызда бір доллар 456,9 теңге болды.

Алайда валюта бағамы тұрақты емес. Мамырда доллардың орташа бағамы 469,5 теңге болса, маусымда 487,9 теңгеге дейін көтеріліп, шілдеде қайта төмендеді.

Қазір қазақстандықтар валютаны айырбастау пункттерінен бөлек, банк бөлімшелері мен мобильді қосымшалар арқылы да сатып ала алады. Кейбір банктер арнайы FX сервистері арқылы клиентке өзіне қолайлы бағамды таңдауға мүмкіндік береді.

Қазақстандағы 23 екінші деңгейлі банктің сегізінде валютаны онлайн айырбастау қызметі қолжетімді.

Солардың бірі — ForteForex. Сервис арқылы USD, EUR, RUB, GBP, AED, CAD, CHF, TRY және CNY валюталарын айырбастауға болады. Клиент ағымдағы бағамды пайдалана алады немесе өзі қалаған бағамға өтінім қалдырады. Комиссия алынбайды.

10 мың доллар сатып алғанда бағамдағы 3 теңгелік айырмашылық 30 мың теңге үнемдеуге мүмкіндік береді. ForteForex-те «Бағамға жазылу» функциясы да бар: клиент қажетті бағамды көрсетеді, сол деңгейге жеткенде сервис хабарлама жібереді.

Ұқсас мүмкіндіктерді басқа банктер де ұсынады. Банк ЦентрКредиттің FX сервисінде ағымдағы немесе кейінге қалдырылған бағам бойынша операция жасауға болады. Halyk FX арқылы да валютаны комиссиясыз қолма-қол ақшасыз айырбастау мүмкіндігі бар.

Онлайн конвертацияның басты артықшылығы — айырбастау пунктіне немесе банк бөлімшесіне барудың қажеті жоқ. Клиент бағамды алдын ала көріп, валютаны бірден шотына аудара алады.

Қазақстандықтардың долларға сұранысы да жоғары. 2026 жылғы қаңтар–маусымда айырбастау пункттерінің АҚШ долларын нетто-сатуы 686,6 млрд теңгені құрады. Бұл халықтың долларды сатуынан гөрі көбірек сатып алғанын көрсетеді.

Ең жоғары көлем Алматыда — 258,9 млрд теңге. Одан кейін Шымкент — 113,1 млрд теңге және Маңғыстау облысы — 51,2 млрд теңгемен тұр.
 

Мемлекеттік сатып алу бойынша

8 705 324 11 61