ДЕНСАУЛЫҚ
Алматыдағы Балалар шұғыл медициналық көмек орталығының дәрігерлері 34 аптада дүниеге келген қыз баланың өмірін сақтап қалды. Нәрестенің салмағы 4 келі болса, оның жартысына жуығын ісік құраған, деп хабарлайды Bugin.kz.
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]
Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі
Алматыда дәрігерлер жаңа туған нәрестеге күрделі операция жасап, салмағы 2 келі болатын құйымшақ-сегізкөз тератомасын алып тастады.
Қыз бала жүктіліктің 34-аптасында кесарь тілігі арқылы дүниеге келген. Нәрестенің жалпы салмағы 4 келі болған. Оның денесінен анықталған ісіктің салмағы 2 келіге жеткен.
Құйымшақ-сегізкөз тератомасы – ұрықтың құрсақтағы даму кезеңінде қалыптасатын ісік түрі. Мұндай патология анықталған жағдайда нәрестеге медициналық бақылау мен хирургиялық ем қажет болуы мүмкін. Дәрігерлердің айтуынша, ісік алғашқы алты ай ішінде қатерлі түрге айналу қаупін тудырады.
Нәресте дүниеге келгеннен кейін бірден Балалар шұғыл медициналық көмек орталығына жеткізілген. Мамандар қажетті тексерулерден соң операция жасау туралы шешім қабылдады.
Хирургтер сүйек және жұмсақ тіндерден құралған екі келілік түзілісті алып, кейін пластикалық реконструкция жүргізген. Операция сәтті өтіп, нәрестенің жағдайы тұрақтанған. Қазір қыз бала ауруханадан шығарылып, үйіне жіберілді.
Медициналық орталықтың мәліметінше, жыл басынан бері мекемеге 96 жаңа туған нәресте түскен. Олардың 72-сіне хирургиялық көмек қажет болған.
Мамандар туа біткен патологияларды ерте анықтау үшін жүктілік кезіндегі скринингтерден уақытылы өтудің маңызын атап отыр.
Мемлекеттік сатып алу бойынша
8 705 324 11 61