ҚОҒАМ
Теңіз-Қорғалжын көлдер жүйесінің су деңгейін тұрақтандыру және экожүйені қорғау мақсатында Қорғалжын қорығына 40 млн текше метр су бағытталды. Су жіберу жұмыстарына «Қазсушар» РМК-ның үш филиалы қатысты, деп хабарлайды Bugin.kz.
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі
Теңіз-Қорғалжын көлдер жүйесінде табиғи су балансын сақтау үшін кезекті табиғатты қорғау шаралары жүргізілді. Жұмыс барысында су нысандарына 40 млн текше метр су жіберілді.
Су жіберуді «Қазсушар» РМК жүзеге асырды. Жобаға Қ. Сәтбаев атындағы каналдың, Қарағанды және Ақмола филиалдарының мамандары тартылды.
Теңіз-Қорғалжын көлдер жүйесі Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығының аумағында орналасқан. Бұл аймақ қоқиқаздар мен су маңын мекендейтін көптеген құс түрлері үшін маңызды табиғи орта саналады. Су деңгейінің тұрақты болуы олардың қоректенуі мен көбеюіне қолайлы жағдай қалыптастыруға ықпал етеді.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, табиғатты қорғау мақсатындағы су жіберу жұмыстары елдің әр өңірінде тұрақты жүргізіледі. Негізгі міндет – өзен-көлдердің су балансын ұстап тұру, экожүйелердің тұрақтылығын сақтау және су нысандарының тартылып қалуына жол бермеу.
Су жіберу кезеңінде «Қазсушар» мамандары гидротораптар мен су қоймаларында тәулік бойы кезекшілік атқарады. Мамандар су қозғалысын бақылап, нысандардағы жағдайға тұрақты мониторинг жүргізеді.
Су нысандарын қорғау мәселесі жаңартылған Су кодексінде де қарастырылған. Құжатқа «экологиялық ағын» ұғымы енгізілді. Ол өзендер, көлдер мен теңіздердің табиғи экожүйелерін сақтау үшін қажетті ең төменгі су көлемін білдіреді. Сонымен қатар шағын өзендер мен көлдерді қорғау талаптары күшейтіліп, сулы-батпақты алқаптар мен мұздықтарды қорғаудың арнайы тәртібі белгіленді.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, су нысандарын сарқылу мен ластанудан қорғау – суармалы егіншілікке қажетті суды жеткізумен қатар, министрліктің негізгі бағыттарының бірі.
Мамандардың пікірінше, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу және суды есепке алудың заманауи жүйелерін пайдалану табиғи ресурстарды тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Бұл ауыл шаруашылығының қажеттілігін өтеумен бірге су экожүйелерін сақтауға жағдай жасайды.
Мемлекеттік сатып алу бойынша
8 705 324 11 61