Bugin

Трамптың ұлын Моңғолияда төртінші рет қарсы алған қазақ кім?

Жандос Конторбай Дональд Трамптың ұлын Моңғолияда төртінші рет қарсы алды. Сапарға қазақстандық блогер Думан Мұхамедрахым да қатысты,деп хабарлайды Bugin.kz.

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: Ашық дереккөз

Жандос Конторбай Моңғолияға келетін шетелдік танымал қонақтарға көшпенділер мәдениетін таныстырып жүрген қазақ. Ол бірнеше жылдан бері шетелдік меймандарға табиғаты көркем аймақтарды көрсетіп, атқа міну, аңшылық, бүркітшілік және киіз үйде қону секілді ұлттық дәстүрлермен таныстырады.

Бұл жолғы сапарға қазақстандық трэвел-блогер Думан Мұхамедрахым да қатысты. Үш күн ішінде олар Моңғолияның таулы аймақтарын аралап, аңшылыққа шығып, атқа мінген.

«Дональд Трамптың ұлымен және Қазақстаннан келген белгілі блогер Думан бауырымызбен Моңғолияның кең даласында ерекше үш күн өткіздік», – деді Жандос Конторбай.

Айта кетейік, Трамптың ұлы Моңғолияға Конторбайдың ұйымдастыруымен төртінші рет келген. Бұл олардың арасындағы тұрақты байланыстың қалыптасқанын көрсетеді.

Сапар барысында күтпеген жағдай да болған. Думан Мұхамедрахымның айтуынша, топ тау ішінде жол іздеп, өзеннен өте алмай біраз уақыт бөгелген. Кейін өзеннің арғы бетінен ат жеткізіліп, жолаушылар сапарын жалғастырған.

Сондай-ақ Трамптың ұлы Думан Мұхамедрахымның атпен өзеннен өтіп жатқан сәтін видеоға түсірген. Блогердің айтуынша, ол қазақстандықтың контентіне қызығушылық танытып, Instagram парақшасына жазылған.

Думан Мұхамедрахым мұндай халықаралық байланыстарды Қазақстанның туристік әлеуетін танытуға пайдалануға болатынын атап өтті.

«Осындай байланысты еліміздің пайдасына жаратып, Қазақстанды әлемге танытудың мүмкіндігі ретінде неге қарастырмасқа?» – деді ол.

Жандос Конторбайдың ұйымдастыратын сапарлары шетелдік қонақтарға көшпенділердің тұрмыс-тіршілігі мен дәстүрін жақыннан таныстыруға бағытталған. Мұндай бастамалар Қазақстанның да туристік және мәдени әлеуетін шетелге танытуға мүмкіндік береді.

 

Мемлекеттік сатып алу бойынша

8 705 324 11 61