ҚОҒАМ

«Заң мен тәртіп» қағидатын қазақстандықтардың 76,8%-ы қолдайды

Қазақстандықтардың басым бөлігі «Заң мен тәртіп» қағидатын қолдайды. Сонымен қатар азаматтардың оны жүзеге асыруға жеке қатысуға дайындығы артып келеді, деп хабарлайды Bugin.kz.

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: Ашық дереккөз

Қазақстандық қоғамдық даму институты 2026 жылдың III тоқсанында жүргізген сауалнама нәтижесінде «Заң мен тәртіп» қағидатының қоғамдағы қолдау деңгейі жоғары екенін анықтады. Зерттеуге 18 жастан асқан 2 400 азамат қатысқан.

Сауалнамаға сәйкес, қазақстандықтар аталған қағидаттың жеке маңызын 5 балдық шкала бойынша орта есеппен 4,47 балл деп бағалаған. Ал респонденттердің 76,8%-ы «Заң мен тәртіп» қағидатын қандай да бір деңгейде қолдайтынын білдірді.

Зерттеуде азаматтардың қағидатты іске асыруға жеке атсалысуға деген дайындық деңгейі де өскені байқалады. Заң мен тәртіпті насихаттауға қатысып жүрген немесе қатысуға дайын азаматтардың үлесі II тоқсандағы 37,4%-дан III тоқсанда 41,7%-ға жеткен.

Сонымен қатар сауалнамаға қатысқандардың 44,1%-ы заң мен тәртіп қағидатын жүзеге асыру бағытында оң өзгерістер бар екенін айтқан. Бұл көрсеткіш өткен тоқсанда 41,5% болған.

Азаматтардың пікірінше, заң мен қоғамдық тәртіптің сақталуына мемлекетпен бірге қоғамның өзі де жауапты. Респонденттердің 41,5%-ы бұл жауапкершілікті мемлекет пен азаматтар тең бөлісуі керек деп санайды. Ал 34,3%-ы негізгі жауапкершілік әрбір қазақстандықтың өзіне тиесілі екенін атап өткен.

Сауалнама нәтижесінде азаматтар үшін әділдік, заң алдындағы теңдік және қауіпсіздікмәселелерінің маңызы жоғары екені де анықталды. «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асырудың басым бағыттары ретінде әйелдер мен балаларды қорғау – 38,6%, қаржылық алаяқтықпен күрес – 37,3%, есірткі қылмысы мен экстремизмге қарсы іс-қимыл – 35,6% көрсетілген.

Жастар арасында қағидатты іске асыру нәтижелеріне оң баға бергендердің үлесі жоғары. Атап айтқанда, 18-28 жас аралығындағы респонденттердің 46,2%-ы оң өзгерістерді атап өткен.

Осылайша, зерттеу нәтижелері «Заң мен тәртіп» қағидатының қазақстандықтар үшін тек мемлекеттік деңгейдегі бастама емес, күнделікті өмірдегі қауіпсіздік, жауапкершілік және азаматтық белсенділікпен байланысты құндылыққа айналып келе жатқанын көрсетеді.

Сауалнама 2026 жылғы 1-16 тамыз аралығында жүргізілді. Зерттеу Астана, Алматы және Шымкент қалаларында, 17 облыс орталығында және ауылдық елді мекендерде өтті.

Мемлекеттік сатып алу бойынша

8 705 324 11 61