САЯСАТ

«Әділет» партиясында үш жаңа төраға орынбасары тағайындалды

«Әділет» партиясының басшылық құрамына Асхат Оралов, Нұрсұлтан Байтілесов және Эльдар Жұмағазиев кірді. Олар бақылау және талдау, құқықтық және заңнамалық, сондай-ақ экономика мен өңірлік даму бағыттарына жетекшілік етеді, деп хабарлайды Bugin.kz.

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: Әділет

«Әділет» партиясының басқару құрылымында жаңа тағайындаулар болды. Партия төрағасының шешімімен Асхат Оралов, Нұрсұлтан Байтілесов және Эльдар Жұмағазиев төраға орынбасарлары қызметіне тағайындалды.

Асхат Оралов партиядағы бақылау, талдау және жұмыс тиімділігін бағалау мәселелеріне жауап береді. Ол Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін және Ресей Сыртқы істер министрлігінің Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын бітірген. Философия ғылымдарының докторы.

Ораловтың жастар саясаты, мемлекеттік қызмет және партиялық басқару салаларында тәжірибесі бар. Әр жылдары Павлодар облысы әкімінің орынбасары, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі, Астана қаласы әкімінің орынбасары, Мәдениет және спорт министрі және Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы қызметтерін атқарды. Соңғы қызметіне дейін Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары болды.

Нұрсұлтан Байтілесов құқықтық және заңнамалық бағытқа жетекшілік етеді. Оның еңбек жолы сот жүйесімен байланысты. Қызметін аудандық соттағы маман ретінде бастап, Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары лауазымына дейін көтерілді. Сонымен қатар Парламент Мәжілісінің VIII шақырылым депутаты болды.

Байтілесов М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде және Өңірлік әлеуметтік-инновациялық университетте білім алған. Ол «құқықтану», «экономика» және «бизнес» бағыттары бойынша жоғары білім алған.

Эльдар Жұмағазиев экономика, салалық және өңірлік даму мәселелеріне жетекшілік етеді. Ол Атырау мұнай және газ институтын және Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы Ресей мемлекеттік қызмет академиясын тәмамдаған.

Жұмағазиев еңбек жолында Атырау облысының ішкі саясат саласында қызмет атқарып, «Атырау-Ақпарат» өңірлік медиахолдингін басқарды. Сондай-ақ «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында басшылық қызметтер атқарған. Партиялық бағытта да тәжірибесі бар.

Партия басшылығындағы бұған дейінгі тағайындаулар қатарында Әлия Адамбаева, Ержан Жылқыбаев және Қаныш Төлеушин бар. Әлия Адамбаева коммуникация бағытына, Ержан Жылқыбаев идеология мәселелеріне, Қаныш Төлеушин цифрландыру саласына жауап береді.

«Әділет» партиясы Қазақстандағы саяси партиялардың бірі ретінде құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайту, азаматтардың мүддесін қорғау және әлеуметтік-экономикалық мәселелерді көтеру бағытында жұмыс жүргізеді. Партияның жаңалықтары мен қызметіне қатысты ақпарат ресми ақпараттық ресурстарында жарияланып отырады.

Мемлекеттік сатып алу бойынша

8 705 324 11 61