САЯСАТ
Құрылтай отырысында депутат Айдос Сарым 50 адамнан тұратын Қоғамдық палата құруды ұсынды. Жаңа алаң заң жобаларын алдын ала талқылауға және сарапшылармен тұрақты диалог орнатуға бағытталмақ, деп хабарлайды Bugin.kz.
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]
Фото: parlam.kz
Құрылтай жанынан Қоғамдық палата құру ұсынылды. Бұл бастаманы депутат Айдос Сарым отырыс барысында көтерді. Оның айтуынша, жаңа алаң депутаттар мен сарапшылар, ғалымдар және азаматтық қоғам өкілдері арасындағы тұрақты байланысты күшейтуге мүмкіндік береді.
Қоғамдық палатаның негізгі бағыттарының бірі заң жобаларына сараптама жүргізу болмақ. Құжаттарды ресми қарауға шығарғанға дейін, яғни «нөлдік оқылым» кезеңінде талқылау ұсынылып отыр. Бұл уақытта заң жобасының негізгі нормаларын жан-жақты қарап, қажетті түзетулер мен толықтыруларды енгізуге мүмкіндік беріледі.
Айдос Сарымның айтуынша, сарапшылар заң жобаларын Мәжілістің тұрақты комитеттерінің депутаттарымен бірге талқылап, өз ұсыныстарын бере алады. Сонымен қатар Қоғамдық палатада елдің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелерді қарау жоспарланып отыр.
Қоғамдық палатаға кімдер кіреді?
Ұсыныс бойынша Қоғамдық палата құрамында 50 адам болады. Оның құрамына Құрылтайдағы барлық партиялық фракциялардың депутаттары, азаматтық қоғам өкілдері, сарапшылар, үкіметтік емес және кәсіби ұйым мүшелері, өңірлердің өкілдері мен түрлі сала мамандары енгізіледі.
Қажет болған жағдайда жекелеген мәселелерді талқылауға ғалымдар, салалық сарапшылар, мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері шақырылуы мүмкін.
Бұған дейін де Парламент Мәжілісі жанынан Қоғамдық палата құру бастамасы көтерілген. Оның жұмысы заң жобаларын қоғамдық сараптамадан өткізуге және сарапшылардың ұсыныстарын заң шығару процесіне енгізуге бағытталғаны айтылған.
Мемлекеттік сатып алу бойынша
8 705 324 11 61