ДАМУ
Алматыда Almaty SuperSki және тау кластерін дамыту жоспарлары талқыланды. Алдағы 2-3 жылда тау курорттарының өткізу қабілетін төрт есеге арттыру көзделіп отыр, деп хабарлайды Bugin.kz.
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]
Фото: Алматы әкімшілігі
Алматы әкімінің орынбасары Олжас Смағұловтың айтуынша, соңғы алты жылда қала тауларына келушілер саны 4,5 есеге өсіп, жылына 1 миллион адамға жеткен. 2026 жылы бұл көрсеткіш 1,5 миллионнан асады деп күтілуде.
Қазір «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортының ең қарбалас күндерінде келушілер саны 15 мың адамға дейін жетеді. Ал оның есептік өткізу мүмкіндігі шамамен 6,5 мың адамды құрайды.
Жоспар бойынша алдағы екі-үш жылда тау шаңғысы курорттарының тәуліктік өткізу қабілетін төрт есеге арттыру көзделген. Яғни көрсеткіш 6 мыңнан 24 мың адамға дейін ұлғайтылады.
«Бұл кезекті азайтып, трассалардағы жүктемені төмендетуге және таудағы демалысты қолжетімді етуге мүмкіндік береді. Жобаларды іске асыру қала экономикасына жылына 1 триллион теңгеден астам кіріс әкеліп, 15 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруы мүмкін», – деді Олжас Смағұлов.
Almaty SuperSki және Алматы тау кластері аясында туристік, спорттық және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жоспарланып отыр. Негізгі міндеттердің бірі – туристер ағынын бірнеше бағытқа бөліп, таулы аймақта жыл бойы демалуға мүмкіндік жасау.
Тау инфрақұрылымын дамыту Алматының туризм саласына да оң әсер етпек. 2025 жылы қалада көрсетілген туристік қызметтердің көлемі 110,9 млрд теңгеге жетсе, салаға салынған инвестиция 198,8 млрд теңгені құрады. Ал салық түсімдері 84 млрд теңгеге жеткен.
Сонымен қатар 2025 жылы қазақстандықтардың ішкі туристік сапарларға жұмсаған қаражаты 659,2 млрд теңгені құрады. Бұл қаржы қонақүй мен демалыс орындарынан бөлек, көлік, тамақтану, сауда, жабдықтарды жалға алу, гидтер мен нұсқаушылар қызметтеріне жұмсалады.
Жоба авторларының пікірінше, заманауи тау инфрақұрылымын дамыту ішкі туризмді күшейтіп қана қоймай, Қазақстанның өңірлік туристік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Алматының басты артықшылықтарының бірі – ірі мегаполис пен халықаралық әуежайдың тау курорттарына жақын орналасуы.
Мемлекеттік сатып алу бойынша
8 705 324 11 61