САЯСАТ

Тоқаев «Орталық Азия – Корея Республикасы» бизнес саммитінде сөз сөйледі

Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы «Орталық Азия – Корея Республикасы» бизнес саммитінде өңірдің инвестициялық әлеуеті мен экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелеріне тоқталды, деп хабарлайды Bugin.kz.

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: Ашық дереккөз

Мемлекет басшысы алғашқы «Орталық Азия – Корея Республикасы» бизнес саммитінің қатысушыларын құттықтап, Қазақстан Оңтүстік Кореяның Орталық Азия елдерімен экономикалық байланыстарды дамытуға деген тұрақты ұстанымын жоғары бағалайтынын айтты.

Президент қазіргі геосаяси жағдайдың әлемдік сауда мен экономикалық тұрақтылыққа айтарлықтай қысым жасап отырғанын атап өтті. Оның сөзінше, мемлекеттер арасындағы өзара түсіністік пен сенім ұзақ мерзімді әрі тұрақты бизнес серіктестікті дамытуда маңызды рөл атқарады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Корея Республикасымен өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізді. Ол Кореяның мәдениеті мен дәстүрлеріне құрметпен қарайтынын атап өтті.

Мемлекет басшысының айтуынша, Орталық Азияның табиғи ресурстары мол, тұтыну нарығы өсіп келеді және аймақта жас тұрғындардың үлесі жоғары. Бұл факторлар өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырады.

Өткен жылы Орталық Азия елдерінің жиынтық ішкі жалпы өнімі 550 млрд долларға жуықтаған. Ал экономикалық өсім 6 пайыздан асып, әлемдік орташа көрсеткіштен шамамен екі есе жоғары болған.

Тоқаев сауда-экономикалық байланыстардың нығаюы мен көлік саласындағы ынтымақтастықтың кеңеюі өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін арттыратынын айтты. Сонымен қатар Орталық Азияның ресурстық әлеуетін Кореяның өнеркәсіптік, технологиялық және қаржылық мүмкіндіктерімен ұштастыру жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жол ашатынын атап өтті.

Президент Қазақстан осы бағыттағы ынтымақтастықты дамытуға өз мүмкіндіктерін толық пайдалануға дайын екенін мәлімдеді.

Сонымен қатар Қазақстанның Орталық Азия экономикасындағы үлесі де жоғары. Мемлекет басшысының дерегінше, Қазақстанға өңірдің жалпы ішкі өнімінің шамамен 60 пайызы және аймаққа тартылатын тікелей шетелдік инвестициялардың 70 пайызға жуығы тиесілі.

Тоқаев екіжақты және өңірлік серіктестікті кеңейту Орталық Азия мен Корея арасындағы экономикалық байланыстардың жаңа бағыттарын қалыптастыруға мүмкіндік беретінін айтты.

Мемлекеттік сатып алу бойынша

8 705 324 11 61