ҚОҒАМ
Орал қаласында жастарды спортқа баулу, салауатты өмір салтын насихаттау және құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған «Чемпиондық рух» спорттық іс-шарасы өтті, деп хабарлайды Bugin.kz.
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]
Фото; Әділет
Шара «Жастар» стадионында ұйымдастырылып, оған 300-ге жуық жас қатысты. Іс-шараны облыстық «Әділет» партиясының филиалы мен «Жастар Рухы» жастар қанатының Батыс Қазақстан облыстық филиалы ұйымдастырды. Оған «Мақсат» жоғары медициналық колледжінің студенттері қатысып, БҚО Полиция департаменті қолдау көрсетті.
Жоба «Заң мен тәртіп – Қазақстан үшін» және «Есірткіге жол жоқ» бастамалары аясында жүзеге асырылды. Негізгі мақсат – жастарды бұқаралық спортқа тарту, зиянды әдеттердің алдын алу және есірткінің адам денсаулығына зияны мен заң алдындағы жауапкершілігін түсіндіру.
Іс-шара барысында жастар Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен және кинолог мамандармен кездесті. Мамандар өз жұмыстары туралы айтып, есірткі қылмыстарының алдын алу бағытындағы қызметімен таныстырды.
Спорттық бөлімде қатысушылар бірнеше сайыс бойынша бақ сынады. Қыздар арасында планка ұстау, ал ұлдар арасында қолды бүгіп-жазу және кермеге тартылу жарыстары ұйымдастырылды. Жастар белсенділік танытып, спорттық дайындықтарын көрсетті.
«Әділет» партиясының облыстық филиалының төрағасы Бауржан Бектұрған спорттағы жетістік ең алдымен тәртіп пен тұрақты еңбектен басталатынын атап өтті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, спортқа қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар құқық бұзушылық пен есірткі қылмысының алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Іс-шара соңында жастар «Жайық жастары – есірткісіз қоғамды таңдаймыз!» деген ұранмен өз ұстанымдарын білдірді.
Мемлекеттік сатып алу бойынша
8 705 324 11 61