МӘДЕНИЕТ

Алматыда 1000 жас суретші қатысқан пленэр өтті

Алматыда Қала күніне орай мың жас суретші қатысқан ауқымды пленэр ұйымдастырылып, шара Қазақстан рекордтар кітабына енгізілді, деп хабарлайды Bugin.kz.

 

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: Алматы әкімшілігі

Алматыда «Almaty: Bala.Art – Мың бала» атты балаларға арналған шығармашылық шара өтті. Оған қаланың 1000 жас суретшісі қатысып, бір алаңда туған қалаға деген өз көзқарастарын сурет арқылы жеткізді.

Шараның ерекшелігі – бір уақытта мың баланың сурет салуы. Қатысушылар Алматының тарихи және заманауи келбетін өз шығармаларына арқау етті. Балалардың жұмыстарынан таулар, гүлзарлар, субұрқақтар, көне көшелер, апорт және қаланың басқа да танымал нышандарын көруге болады.

Пленэр барысында маңызды оқиға тіркелді. «Almaty: Bala.Art – Мың бала» еліміздегі ең ауқымды балалар пленэрі ретінде Қазақстанның рекордтар кітабына (КИнЭС) енді.

Шара аясында Алматының балалық шағына арналған жаңа гимн де көпшілікке таныстырылды. Әнді балалардың құрама хоры мен пленэрге қатысушылар алғаш рет бірге орындады.

Мерекелік бағдарлама концертпен жалғасты. Қала тұрғындары мен қонақтарына «Туған күніңмен, сүйікті Алматы!» атты концерттік бағдарлама ұсынылды.

Жоба Алматы қаласы Білім басқармасының бастамасымен ұйымдастырылды. Оның негізгі мақсаты – балалардың шығармашылық қабілетін дамыту және оларды туған қаласының тарихы мен мәдениетін өнер арқылы таныту.

Іс-шара соңында барлық қатысушы бірігіп, «Almaty: Bala.Art – Мың бала» символдары бейнеленген үлкен кенепті жайды. Осылайша, балалардың ортақ еңбегі Алматыға арналған ерекше шығармашылық композицияға айналды.

Мың жас суретшінің бір алаңда бас қосуы балалар шығармашылығын қолдауға бағытталған ауқымды бастамалардың бірі болды. Ал пленэрдің Қазақстан рекордтар кітабына енуі шараның басты нәтижесіне айналды.

 

Мемлекеттік сатып алу бойынша

8 705 324 11 61