ҚОҒАМ

Түркістан облысында 4 мыңнан астам адам қатысқан сенбілік өтті

Түркістан облысының Ащысай елді мекенінде Дүниежүзілік тазалық күніне орай ауқымды экологиялық акция өтіп, 93 тонна қоқыс шығарылды, деп хабарлайды Bugin.kz.

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: Түркістан әкімшілігі

Түркістан облысында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында «World Cleanup Day» – Дүниежүзілік тазалық күніне арналған сенбілік ұйымдастырылды. Негізгі іс-шара Қаратау жотасының етегіндегі Ащысай елді мекенінде өтті.

Экологиялық акцияға 4 мыңнан астам адам қатысып, тазалық жұмыстарына 70 арнайы техника жұмылдырылды. Іс-шараға облыс әкімі Нұралхан Көшеров, мемлекеттік қызметшілер, жастар, еріктілер, қоғамдық ұйымдар мен коммуналдық мекеме қызметкерлері қатысты.

Сенбіліктің негізгі мақсаты – табиғи аумақтарды тұрмыстық қалдықтардан тазарту, қоршаған ортаны абаттандыру және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру.

Акция барысында тау бөктері мен қоғамдық аумақтар тазартылып, жиналған қоқыс арнайы техникалармен шығарылды. Жалпы 72 гектар аумақ тазартылып, 93 тонна қоқыс шығарылды. Сонымен қатар өңірді көгалдандыру мақсатында 100 түп ағаш көшеті отырғызылды.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров тазалықты сақтау бір реттік науқанмен шектелмеуі керектігін атап өтті.

«Таза Қазақстан» – жай ғана сенбілік емес. Бұл – туған жерге жанашырлықтың, ортақ жауапкершіліктің және азаматтық мәдениеттің көрінісі. Әрбір тұрғын өз ауласына, көшесіне және ауылына жауапкершілікпен қараса, өңірдің көркі де арта түседі», – деді облыс әкімі.

Айта кетейік, жалпыұлттық экологиялық акция аясында Түркістан облысында 74 мыңға жуық адам түрлі тазалық жұмыстарына қатысты.

Өңірде «Таза Қазақстан» бағдарламасы бойынша жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Бұған дейінгі күзгі тазалық шараларына 15 мыңнан астам адам қатысып, 779,8 тонна қоқыс шығарылып, 508 гектардан астам аумақ тазартылған.

 

Мемлекеттік сатып алу бойынша

8 705 324 11 61