ҚОҒАМ
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]
Фото: №37 мектеп ұжымы
Қарттар күні қарсаңында Алматы қаласындағы №37 жалпы білім беретін мектептің оқушылары қарттар, егде жастағы адамдар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға тәулік бойы күтім көрсететін «Қамқорлық үйі» пансионатына барды. Оқушылар пансионат тұрғындарына концерттік бағдарлама ұсынып, сыйлықтар табыстады және олармен жылы жүздесіп, уақыт өткізді.
Кездесу оқушылар мен педагогтер бірлесіп дайындаған концерттік бағдарламадан басталды. Балалар пансионат тұрғындарына ән айтып, өлең оқып, би биледі.
Алайда кездесудің ең әсерлі сәті концерттен кейінгі әңгіме болды. Оқушылар пансионат тұрғындарымен танысып, олардың өмірлік оқиғаларын тыңдап, мерекемен құттықтап, бірге уақыт өткізді.
Кездесудің бастамашысы әрі ұйымдастырушысы – №37 жалпы білім беретін мектептің директоры Динара Бауыржанқызы. Іс-шара Алматы қаласы Бостандық ауданының аудандық білім бөлімінің қолдауымен өтті.
«Тәрбиені тек сөзбен қалыптастыру мүмкін емес. Бала жақсы істерді өзі жасап, оның үлгісін көруі керек. Осындай кездесулер оқушыларға адам арасындағы қарым-қатынастың қадірін түсінуге, аға буынды құрметтеуге және көңіл мен қамқорлықтың адамға үлкен қуаныш сыйлай алатынын сезінуге мүмкіндік береді», – деді мектеп директоры Динара Бауыржанқызы.
Кездесуге оқушылар алдын ала дайындалды. Педагогтер балаларға концерттік нөмірлерді таңдауға, дайындалуға көмектесіп, Қарттар күнінің маңызы мен аға буынға құрметпен қараудың мәні туралы түсіндірді.
Оқушылар үшін бұл кездесу мейірімділік, құрмет пен жанашырлық туралы айтып қана қоймай, аталған құндылықтарды іс жүзінде көрсетуге мүмкіндік берді. Балалар үшін қарапайым адами қарым-қатынастың – назар аудару, шынайы әңгімелесу және бірге уақыт өткізудің қаншалықты маңызды екенін түсінуге жол ашылды.
Іс-шараны ұйымдастыруға оқушылардың ата-аналары да қолдау көрсетті. Олардың көмегімен пансионат тұрғындарына сыйлықтар дайындалды.
Мектеп педагогтерінің айтуынша, мұндай кездесулер тәрбие жұмысының маңызды бөлігі. Олар балалардың аға буынға деген құрметін қалыптастырып, жанашырлық танытуға және айналасындағы адамдарға деген жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар кездесу пансионат тұрғындары үшін де маңызды болды. Оқушылардың келуі мерекелік күнді музыка, жылы әңгіме және көңіл бөлу атмосферасында өткізуге мүмкіндік берді.
Осылайша, қарапайым мектеп концерті екібуынның жылы жүздесуіне ұласты. Оқушылар жақсы көңіл күй сыйлау үшін келсе, өздері ағабуын өкілдерінің өмірлік тәжірибесі мен әңгімелерінен тағылым алды.
Мұндай кездесулер бала тәрбиесі тек сабақпен ақыл-кеңестен тұрмайтынын көрсетеді. Адамға уақыт бөліп, көңіл аударып, қамқорлықтаныту арқылы бала мейірімділік пен адамгершіліктің мәнін іс жүзінде түсінеді.
Мемлекеттік сатып алу бойынша
8 705 324 11 61