ҚОҒАМ
Алматы облысында жыл басынан бері «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 31 жалпы өңірлік сенбілік өткізіліп, 18 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Тазалық жұмыстарына 729,6 мың адам қатысқан, деп хабарлайды Bugin.kz.
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]
Фото: Жасанды интеллект
Алматы облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасын іске асыру бойынша бірқатар жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл туралы облыстың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және абаттандыру басқармасы хабарлады.
Басқарма мәліметінше, 2026 жылы бағдарлама аясында 30 іс-шара өткізу жоспарланған. Оның 21-і орындалған, қалған 9 іс-шара белгіленген мерзімде жүзеге асырылмақ.
Жыл басынан бері облыста 31 жалпы өңірлік сенбілік ұйымдастырылған. Оған 729,6 мың адам қатысып, тазалық жұмыстарына 4,2 мыңнан астам арнайы техника тартылған. Нәтижесінде өңір аумағынан 18 167 тонна қоқыс шығарылып, 10 мың гектар жер тазартылған.
Экологиялық акциялардың бірі – «Мөлдір бұлақ» шарасы. 23 наурызда өткен акция барысында Ұзын-Қарғалы, Талғар, Қарқара, Шарын, Қаскелең және Үлкен Алматы өзендері мен олардың жағалаулары тазартылды. Оған 24,8 мың адам қатысып, 578 тонна қоқыс шығарылды, 315 гектар аумақ тазартылды.
Қалдықтарды қайта өңдеу көлемі артқан
Облыста коммуналдық қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Өңірде жыл сайын шамамен 630 мың тонна қалдық жиналады. Қазір облыс аумағында 6 полигон және 144 уақытша қалдық жинау орны бар. Халықтың қалдықтарды жинау және әкету қызметімен қамтылу деңгейі 87% болып отыр.
2026 жылдың үшінші тоқсанында 472 мың тонна қатты тұрмыстық қалдық түзілген. Оның 152,2 мың тоннасы, яғни 32%-ы қайта өңделген.
Салыстыру үшін, 2025 жылы 609,5 мың тонна қалдық түзіліп, оның 184,1 мың тоннасы немесе 30,2%-ы қайта өңделген. Яғни былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда қайта өңдеу үлесі 1,8 пайыздық тармаққа өскен.
Сонымен қатар облыста қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату бағытында жалпы құны 144,2 млрд теңге болатын 7 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
Еңбекшіқазақ ауданында «Гуандун Сучунь» компаниясы қалдықтарды қайта өңдеу зауытын салып жатыр. Жобаға 3 млрд теңге инвестиция салынуда. Құрылысты 2026 жылғы қазан айының соңына дейін аяқтау жоспарланған.
86 заңсыз қоқыс орны анықталған
«Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясының ғарыштық мониторингі нәтижесінде жыл басынан бері Алматы облысында 86 заңсыз қоқыс алаңы анықталған. Басқарманың мәліметінше, олардың барлығы жойылған.
2025 жылы ғарыштық мониторинг арқылы анықталған 145 рұқсатсыз қоқыс орны да толық жойылған.
Осылайша, екі жыл ішінде ғарыштық мониторинг арқылы анықталған 231 заңсыз қоқыс орнының барлығы жойылған.
Облыста 104 мыңнан астам ағаш отырғызылды
Көгалдандыру жұмыстары да жалғасып жатыр. 2026–2030 жылдарға арналған жоспар бойынша Алматы облысында жыл сайын 220 мың ағаш, бес жыл ішінде жалпы 1,1 млн ағаш отырғызу көзделген.
2026 жылғы 19 қыркүйектегі жағдай бойынша облыста 104 081 түп ағаш отырғызылған. Бұл бес жылға жоспарланған жалпы көлемнің шамамен 9,5%-ына тең.
Күзгі ағаш отырғызу жұмыстары көшеттердің вегетациялық кезеңі аяқталғаннан кейін, қыркүйек айының соңынан қараша айына дейін жүргізіледі.
Абаттандыруға миллиардтаған теңге бағытталған
Өңірде елді мекендерді абаттандыру бойынша да бірқатар жоба іске асырылып жатыр.
Мәселен, Балқаш ауданындағы Бірлік ауылында Т. Рысқұлов көшесін абаттандыруға 388,9 млн теңге, Жиделі ауылындағы саябаққа 195,4 млн теңге бөлінген.
Жамбыл ауданында Сарыбай би, Еңбекшіарал және Қайназар ауылдарының арық жүйелерін абаттандыру жобасының құны 766,1 млн теңгені құрайды.
Қарасай ауданында Қаскелең өзенінің жағалауын абаттандыруға 314 млн теңге бағытталған. Жоба аясында тротуарлар, балалар және спорт алаңдары, амфитеатр, жарықтандыру жүйесі мен көгалдандыру жұмыстары қарастырылған.
Ал Қонаев қаласындағы №6 және №7 коммуналдық жағажайларды абаттандыру жобаларының жалпы құны 2,4 млрд теңгені құрайды.
Жалпы, облыста «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында санитариялық тазалау, көгалдандыру, абаттандыру, қалдықтарды басқару және заңсыз қоқыс орындарын жою жұмыстары жалғасып жатыр.
Мемлекеттік сатып алу бойынша
8 705 324 11 61