ҚОҒАМ
Журналист әрі сенатор Дана Нұржігіт өз басынан өткен сталкинг жағдайы, бала тәрбиесі, қазақ тіліндегі контент және Қазақстанның болашағы туралы айтты, деп хабарлайды Bugin.kz.
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]
Фото: Сұхбаттан үзінді
Дана Нұржігіт сталкингті адамның соңынан аңду, қайта-қайта хабарласу, қорқыту және жеке кеңістігіне араласу әрекеттерімен байланыстырды. Оның айтуынша, мұндай жағдайдан зардап шеккен адамдарды қорғау үшін нақты құқықтық тетіктер қажет.
Журналист сталкингке қатысты заңнамалық норманы енгізу қажеттігін көтергенін айтты. Бұл тақырыпқа өзінің басынан өткен жағдайлар да себеп болған. Белгілі бір кезеңде өзіне қатысты арыздар түсіп, түрлі түсініктеме беруге мәжбүр болғанын, қысым салдарынан ұйқысы бұзылып, қорқынышта жүргенін жеткізді.
Сталкинг туралы кітабында қайта-қайта қоңырау шалу, көп хабарлама жіберу, аңду және жеке өмірге араласу сияқты әрекеттерге тоқталған. Мұндай жағдайда хабарламалар, қоңыраулар мен скриншоттарды сақтап, дәлел жинаудың маңызын атап өтті.
Дана Нұржігіт кітап жазу процесі мен психотерапевт көмегі қиын кезеңнен өтуіне ықпал еткенін айтты.
Сұхбат барысында журналист бала тәрбиесі туралы да пікір білдірді. Оның айтуынша, ата-ана баласына махаббат, білім мен тәжірибе бере алады, бірақ оның болашақ жолын өзі таңдауы керек. Ол ұлының инженер болуды қалап, колледжге түскенін мысал етті.
Дана Нұржігіт адамның бақытын қоғам қалыптастырған өлшеммен бағаламауы керек деп санайды. Ол үшін бақыт – жақындарының амандығы, отбасы, сүйікті ісі және ішкі тыныштық.
Сұхбатта қазақ тіліндегі контент пен ұлттық мәдениетті насихаттау мәселесі де қозғалды. Журналист ұлттық өнер өкілдерін заманауи медиада кеңінен көрсету қажет екенін айтты. Жастар әлемдік мәдениетпен қатар, өз халқының тарихын, әдебиеті мен өнерін де білуі керек.
Дана Нұржігіт Қазақстанның болашағы әр азаматтың елге қосқан үлесіне байланысты екенін айтып, «Бұл ел маған не береді?» дегеннен гөрі «Мен бұл елге не бере аламын?» деген сұрақты қою маңызды екенін жеткізді.
Оның пікірінше, балаларды сапалы білім алуға және елге пайдасы тиетін азамат болуға тәрбиелеу керек. Ұлттық тарих пен мәдениетті әлеуметтік желілер арқылы жастарға заманауи форматта жеткізудің де маңызы зор.
Сұхбат соңында Дана Нұржігіт ар-ұят, намыс, отбасы, жақындарға құрмет пен ішкі тыныштық адам өміріндегі басты құндылықтардың бірі екенін айтты.
Сұхбаттың толық нұсқасы: https://youtu.be/QzBS1XfcpHk?si=TR11pUXKyyUdmnq2
Мемлекеттік сатып алу бойынша
8 705 324 11 61