Bugin

Технологиядан инклюзияға дейін: Алматыда BE WOMAN ASIA форумы өтеді

15 қазанда Алматыдағы Республика сарайында BE WOMAN ASIA 2026 халықаралық форумы өтеді. Іс-шараға 25 елден келген сарапшылар, кәсіпкерлер, ғалымдар және қоғам қайраткерлері қатысады. 

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: ЖИ

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, офлайн форматта 3 000-нан астам адам бас қосады.

Биылғы форум жасанды интеллект, көшбасшылық, білім беру, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік, мәдениет және инклюзия мәселелеріне арналады. Негізгі мақсат – Орталық Азияның жаһандық өзгерістердегі рөлін күшейтіп, өңірдің өзекті мәселелерін бірлесіп талқылау.

Форумда Қазақстан атынан түрлі салада жетістікке жеткен тұлғалар таныстырылады. Олардың қатарында ғарыш саласының өкілі Данна Карагусова, онкология саласының сарапшысы Диляра Қайдарова, мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғаушы Ләззат Қалтаева, Ferragamo сән үйінің аға дизайнері Абзал Исабеков және Гарвард университетінің түлегі, білім беру саласындағы EdTech платформасының негізін қалаушы Әсел Амангелді бар.

Сондай-ақ Өзбекстаннан Шохида Ибрагимова, Тәжікстаннан Нафиса Имранова және Қырғызстаннан Эрке Жұмақматова қатысады.

BE WOMAN ASIA негізін қалаушы Жанна Канның айтуынша, форум Орталық Азияның жаһандық үдерістерді сырттай бақылаушы емес, олардың белсенді қатысушысы екенін көрсетуге бағытталған.

«Күш жасанды интеллект дәуірінде ықпалмен емес, жауапкершілікпен өлшенеді. Біздің форум дәл осы туралы», – дейді ол.

Форумның бағдарламасы 16 қазанда да жалғасады. Бұл күні қатысушыларға арналған воркшоптар, менторлармен кездесулер және дөңгелек үстелдер ұйымдастырылады.

Биылғы форум аясында төрт әлеуметтік бастамаға да ерекше назар аударылады:

AMAN BOL – әйелдердің цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жоба;

BE WOMAN × HR Capital – әйел кәсіпкерлерге арналған білім беру гранттары;

Hidden Shero – қоғам дамуына үлес қосқан әйелдердің тарихын жинақтайтын халықаралық жоба;Female Founders – стартап негізін қалаушы әйелдерді қолдау бағдарламасы. Оның аясында 20 жоба инвесторлар алдында таныстырылады.

Ұйымдастырушылардың дерегінше, 2024 жылы іске қосылғаннан бері BE WOMAN ASIA жобалары онлайн және офлайн форматтарда 15 мыңға жуық қатысушыны, 230-дан астам халықаралық спикер мен менторды және бизнес қауымдастығының 320 көшбасшысын біріктірген.

Мемлекеттік сатып алу бойынша

8 705 324 11 61