Weekend

Идея – директордан, іске асыру – оқушыдан: Батыс тәсілін қолданған қарапайым мектеп

Біз осы дамыған елдің мысалын сөз еткенде Американы алғы шепке шығарамыз. Дәл сол Америка мектептерін­де мектеп директоры әрбір оқушыны таңертеңнен бастап күтіп алып, көңілін сұрайды. Бұл баланың жеке дамуына, көшбасшылық қасиеттерді мектеп жасынан дағдылануға үйретеді екен. Гарвардты бітіріп келген журналист Шыңғыс Мұқан да америкалықтардың осы қасиетіне бас иген-ді. Бірақ бұл аса таңырқап қарайтындай дүние емес, қарапайым қағидаттар ғана. Әйтсе де, білім саласына енген осы бір тәрбие құндылығы тұтас елдің білім жүйесіне жаңалық алып келді. Ал, бізде ше? Дамушы ел ретінде дамыған елдің тәжірибесіне көз тас­тайтынымыз хақ. Қарамағында 100-ден асатын мұғалімі, мыңдаған оқушылары бар мектеп директорлары да құр қарап отыр деуге келе қоймас. Директормын деп кеуде керіп, кабинетте шалқайып отырып, келген-кеткенді камерамен бақылау кез келгеннің қолынан келеді. Әйтсе де "тұтас бір мектепті басқаруға келген екенсің, өзгерісті өзіңнен баста" дейтін принципке бас иетін басшылар да жоқ емес. Соның бірі №10 Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-лицей директоры Асылбек Мақашев. Білім шаңырағын басқаруға келген ол жыл басталған сәтте бірінші болып түрлі жобаларды қолға алғанын естіген едік. Алайда, іске асқан жобаның нәтижесі жыл аяғында көрініс беретінін ескере келе, мектепке енген өзгерістерді білу үшін білім ошағына арнайы бардық. Іс пен сөздің ара салмағын бақыладық. Көп болып айтып жүрген жаңартылған білім беру мазмұны тек ұстаздарды ғана емес, мектеп директорларын да қайта оқытуға мәжбүр етті. Себебі білім ұясын басқаруға құр білімнің аз екендігі, көшбасшылық қасиетті, терең талдауды, креативті ойлай білетін басшылар қажет. Сондықтан директорлар 9 айлық оқыту курсынан өтіп, тәжірибе толыстырып келді. Бірақ жиған тәжірибені мектепке ендіруді №10 мектеп-лицей алғаш болып бастап кеткен. Керек десеңіз, республика мектептерінде жоқ тәжірибені оқу­шыларға дарытуды Асылбек Бақытбекұлы мықтап қолға алған көрінеді. Ол нендей жобалар дерсіз? Ендеше, ретімен баяндалық

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

ІШКІ КИКІЛЖІҢДЕРДІ ШЕШУ

Білім процесінде ұстаз бен оқушының, ата-ана мен ұстаздың өзара қайшылыққа түсіп, кикілжің орнап қалатыны жасырын емес. Мұндайда арызын арқалап, шағымын жоғары жаққа жөнелту мәселені ушықтырып жібереді. Мектептегі ішкі ахуалды реттеу үшін директор "Жас медиатор" жобасын енгізіпті. Қаладағы "Бітімгер" орталығымен бірлескен жоба кәмелетке толмағандардың арасында құқық бұзушылықтарын болдырмау, оқушылар арасындағы дау-дамайды шешуге жол ашып берген.

- Бастапқыда ұзақ ойланғаным рас, бірақ келе-келе арыз жазуға емес, мәселені бейбіт жолмен шешуге ықпал ете алатынымызды білдік. Мектептегі 10-сынып оқушысын өзара сайлап, жобаның жетекшісі ретінде арнайы медиация курсын оқыттық. Мұнан кейін облыстық соттың келісімі негізінде оқушыларды ашық сот отырыстарына қатыстыруға рұқсат алдым. Судьяның сотты жүргізуі, прокурордың сұрақ беруі, адвокаттың қорғау процестерін оқушылар көзімен көрді. Яғни нақ практика мектептегі ішкі дауларды шешуге ықпал етті,-дейді Асылбек Мақашев.

Директор бұл жобаның нәтижесін көре бастағанын тілге тиек етті. Оқушылардың ішкі проблемасын нақ шешу үшін арнайы кабинет те ашылыпты.  Жұма күні оқушылар өз мәселелерін төтесінен қойып, оның оң шешілуіне жағдай жасапты. "Бұл құқық саласына қызығатын оқушылардың келешекте мамандығын нақ таңдауына әсер етеді" дейді директор.

ӨЛКЕ ТАРИХЫНА ТЕРЕҢ БОЙЛАУ

Жасыратыны жоқ, соңғы кездері оқушылардың өлке тарихын, оның қасиетті жерлері мен жұмбақ нысандарын білу деңгейі көңіл көншітпейді. Бұл тарих, география пән мұғалімдеріне сын. Әйткенмен, мектеп басшысы мұны да өз уақытында қолға алған. Оқушылармен бірге "Тарихи өлкеге Марғұлан ізімен" жобаға атау беріпті. Өңір тарихын білуде бұрындары оқушылар тек музейге барып, экскурсия жасаса, жоба аясында жастар тарихи нысандарды өздері көзбен көруге мүмкіндік алыпты. Осы кезге дейін Түркістан өлкесіне сапарлап, Сығанақ, Сайрам, Яссы, Отырар сынды көне қалалардың құпиясымен танысып қайтқан оқушылар өлкеге деген көзқарасын қалыптастырған. Мектеп-лицей директоры Асылбек Бақытбекұлы жазғы демалыс уақытында оқушыларды Көкшетауға апарып, Оқжетпес, Жұмбақтастың қыр-сырларын көзбен көріп, ерекше әсер алуына жағдай жасамақ. Әрине, білім ордасының басшысы мұның бәрі ата-аналардың демеушілігімен іске асатынын қаперге салды. Таңдау еркі оқушылардың өзіне де беріледі. Яғни, киелі шаһарларды аралаудың маршрутын жас өскіндердің қалауына сай таңдау жобаның артықшылығын аңғартып тұр.

АТАҚТЫ АНСАМБЛЬ, ӘЙГІЛІ ӘНШІЛЕРГЕ ЖОЛ АШУ

Мектепте іске асқан тағы бір жоба - "Ән мен әнші" деп аталады. Мектеп ішінен өнерлі оқушыларды іріктеп, талант­тыларын танытуды көздейтін жоба келешек әйгілі әншілер мен атақты ансамбльдерді жарыққа шығаруы бек мүмкін. Тек мектеп сахнасында ғана емес, өнер айдынына жол ашуды мектептен бастайтын "Ән мен әнші" жобасы бүгіннің өзінде мықты сценаристерді, дарынды әншілерді топты жарып шығуына түрткі болуда. Себебі интернет арқылы өтінім қабылдайтын түрлі байқауларға барып, мектеп абыройын асқақтатып жүр­ген оқушылар да аз емес көрінеді.

ШАБЫТЫН ШАҚЫРУ, ҚАЛАМЫН ҚАЙРАУ

Ақындық әлеміне ын­тық, поэзияға құмар жастарды бір алаңға жинау оқушыларды "Жас қаламгер" жобасына жинайды. Жоба жетекшісі, мектеп мұғалімі Бақберген Әбілқасым жазу-сызуға бейімі бар оқушылардың талабын ояту үшін түрлі басқосулар ұйымдастырамыз деп ағынан жарылды. Осы кезге дейін мектеп-лицейге өңірге белгілі ақын-жазушылар, журналистер келіп, шеберлік сағаттарын ұйымдастырған. Ал, мектеп директоры Асылбек Мақашев осы жазда "100 ән - 100 шығарма" бастамасын іске асыратынын жеткізді. Айтуынша, үш айғы жазғы уақытта оқушылар еркін тақырыпта өлең, эссе, әңгіме жазып алып келеді. Үздіктері іріктеліп, арнайы жинақ ретінде шығады. Бұл мектеп тарихына қалатын құнды дүние болмақ. 

АШЫҒЫН АЙТАДЫ

Білім ордасының басшысы Асылбек Бақытбекұлы мектептегі ішкі ахуалды ұстаздардан емес, оқушылардың пікірі арқылы таразылау үшін кіре беріс дәлізге ашық хат жәшігін орнатып қойған. "Арыз-шағым мақсатында емес, оқушылардың үнін білу маңызды" дейді. Тіпті директор осы ашық хат аясында мектептегі ішкі проблемалардың да шешілуіне ықпал еткен.

- Әрбір жұма күні жәшікті ашып, оқушылардың хаттарын оқимын. Жасырмаймын, бір оқушы мектепте айна жоқтығын жазыпты. Ойланып қарасам, дәлізде айна қойылмапты. Ретке кел­тірдік. Тағы бір оқушы "спорттық ойындарға өзгеріс жасайық", енді бірі "үздік ұстазымызға авторлық кеш ұйымдастырайық" деп хат қалдырыпты,-дейді Асылбек Мақашев.

Оқушы үнін білу мектептегі мәселелерді алдын алуға жетелейді. Әрі ұстазға айта алмаған сырын директорға ашық жеткізу баланың сыни ойлау қабілетін арттырса керек. Сол қара шаңырақта баласы білім алатын ата-ана Гаухар Елеусінова жаңашылдықтың әсері мол екенін жеткізді.

- Осы мектепте менің балаларым оқиды. Лицей-мектепте жақсы өзгерістер бар. Оқушылар оқыту барысы туралы ұсыныстарын жолдай алады. Осы бастан өз пікірін айта алатын, демократиялық мемлекет ұрпақтарын тәрбиелеп жатыр,-дейді ата-ана.

ОҚУШЫНЫ ОҚУШЫ ЖЕТЕКТЕЙДІ

Ғылымға деген қызығушылығы бар оқушылар да мектепте қалыс қалмайды. Асылбек Бақытбекұлы интеллектуалдық қабілеті жоғары балалардың "Жалын" жобасына қызығатынын баяндады. Сөзіне сенсек, олимпиадаға қатысатын жоғары сынып оқушылары төмен топтағы балаларға бағыт-бағдар береді. Яғни бала баланы жетектейді. Бұл ұстаз берген білімді әрі қарай шыңдайды екен.

БӘРІН ТАСТА, КІТАП  ОҚУДЫ БАСТА

Құндылықтар дағдарысы орнап, желі­ге желімденген уақытта оқушыларға кітап оқыту проблемаға айналды. Оқытуды күштеп емес, саналы түрде оқыту үшін білім ордасының басшысы "Бәрін таста, кітап оқуды баста" идеясын іске асырған. Кітапхана қорындағы кітаптарды сөреге салып, фойеге шығарған. Бастапқыда кітаптар ұрланып, парақтар жыртылған. Дегенмен, келе-келе оқушылардың мәдениеті қалыптасып, үйінен кітап алып, сөрені жаңартатын деңгейге жеткен. Яғни саналы түрді кітап оқуға жетелеу оқушылардың үзіліс уақытын тиімді әрі жан-жақты білім алуына мүмкіндік береді.

АТҚА МІНУДІҢ ӘЛІППЕСІ

Урбанизацияның әсерінен оқушылардың салт-дәстүрден ажырап бара жатқаны жиі айтылады. Қазақтың болмысын даралау үшін Президент "Рухани жаңғыру" идеясын іске асыруды тапсырды. Тіпті "Ұлы даланың 7 қыры" мақаласында да құндылықтар мәселесін сөз етті. Соның бастауында - атқа міну мәдениеті тұр. Мектеп-лицей басшысы темірді қызған кезде соғып, атқа міну мәдениетін мектептен бастау идеясы іске асырмақ ниетте екенін жеткізді.

- Мойындауымыз керек, дене шынықтыру пәнінде ұлттық ойын бағытында асық ату, тоғызқұмалақ ойындарын ғана ойнатамыз. Бірақ, атқа міну айтылмай келді. Осы үшін де факультативтік пән аясында оқушыларға жылқының түрлері, атқа мінудің тарихы, оның қымызының емдік қасиеттерін үйрету мақсатында жоба жасамақпын. Келер жылы алғашқы тоқсанда балалар теориялық білім алады. Кейін оны практикамен ұштастырады,-дейді Асылбек Бақытбекұлы.

Директор практика мәселесін екеуара келісім жағдайында шешуді қарастырып отыр. Қаладағы Ипподром аймағының мамандарымен арнайы келісімге келіп, оқушыларды атқа міну мәдениетін іске асыруды бастамақ ниетте. Айта кету керек, бұл республикада жоқ тәжірибе.

Түйін. Мектепке реформа енгізген директор мұны біреуге көріну үшін емес, оқушылардың білімі мен тәрбиесіне оң ықпал етуіне түрткі болсын деген оймен іске асырылғанын әңгімеледі. Білімдегі басты мақсат та сол. Оқушыларды өмірге бейімдеу, яғни функционалдық сауаттылығын арттыру деген осы. Ал, жаңашылдықты жатсынбайтын, әрбір идеяға екпін беретін басшы барда мұғалім мен бала, ата-ана арасындағы үштік байланыс ажырамайды. Түптеп келгендегі тәлім мен тәрбиенің түйісетін тұсы да осы емес пе?