Weekend

21 000 – адам пиғылын өзгертуде

«Ағайынның ішінде бір жақсысы бар болса – қаумалаған көп жаман сол жақсыны көре алмас»

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Өз кезінде Шалкиіз бабамыз қалай тауып айтқан. Жасың өскен сайын ба, әлде өмірді көріп, адамзатты өзіңше тани бастағаннан ба, қайдам, осы сөздің шындығына көзім жетіп келеді. Байқап қарасаңыз, Шалкиіздің кезінде бар іштарлық, көреалмаушылық, арандатушылық бүгін одан әрі етек жаймаса, жойыла қоймады.

Ағайынның арасында алауыздық болғанын көріп жатушы ем, ауыл арасындағы көре алмаушылыққа таң қалдым. Ех, сол баяғы 21 000-ның соңы бір- бірінің артын ашып, оны тазға отырғызып, басына пәле тауып бергенше асығатын жандар санын көбейтіп тынды-ау. Біздің ел орысқа тәуелді болған дәуірде әр ауылды жерде ақшаға сатылатындар, өзінің жеке басының қамын ғана ойлайтындар көп еді. Тек дәл сол көріністің бүгінгі бояуы басқаша. Қазір барып біреудің қорасындағы малын санап берсе төбесі көкке жетіп, өзінің жоғына бір қадам қалғандай бір қуанып қалатын жағдайға қалай түстік?! Мені де, сені де жаратқан бір ұлы Алла: «Қолын жайып сұрағанның, алақанын бос қайтаруға ұялам» дегені есімізден шығып барады- ау. «Менде неге жоқ» деп адамды жаратқан құдіреттен емес, жаратылған пенедеден неге сұраймыз?! «Тәубе» сүресінің 50-аятында «Егер саған бір жақсылық келсе, бұл оларды ренжітеді. Ал, егер саған бір ауыртпалық жетсе, олар: «Негізінде, біз ісімізді алдын ала қамдап алған едік», – деп қуанған түрде бұрылып кетеді» деп көрсетілген екен. Оқып алып, көңілге кірбің ұялайды. Шынында бұл күндері біреудің жеткен жетістігіне сүйсінуден, қуанышына ортақ болудан қалып барамыз. Тіпті, қайғыңды бөлісіп, көтерер дос таппай да қаламыз. Жанға бататыны да сол. Қызыға қарап, Аллададан сұраудың орнына, қызғаныш деген пасық мінезді жұқтырып алдық па, әлде қанда бар сол қасиеттің бетін тырнап жатырмыз ба? Елімізде орын алып жатқан соңғы күндердегі оқиғалар арамызды суытып жатқан жоқ па? Сайлау дейміз, екі ағайындының бірі Тоқаев десе, бірі Қосанов деп қырғи қабақ бола қаламыз. Кім президент болса да, бастысы бірлік емес пе!? Арамыздан көре алмайтындар мен арандатушылар шыға беретін болса кімнің президент болғаны бәрібір болып қалмай ма?! Ең алдымен өзімізден бастап түзейік. Саяси жағдайлар жан дүниемізге саясатын орнатпасын. Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі болсын) «Егер көреалмаушылық жасасаң, Алладан кешірім сұра» деген екен. Жүсіп Баласағұнның «Қызғаныш қай жерде, ұрыс сол жерде» деген ұлағатты сөзін ұмытпайық. 

Ал сіз бұл жайлы не ойлайсыз?