Weekend
Асқар тауым
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]Аллаға шүкір, «әке деген сөзді айтып, әкенің мейіріміне бөленіп, әке қамқорлығын көріп ержетіп келе жатқаныма. Қыз балалар әкесіне жақын болып өседі дегенді жиі естуші едім.Бала кезімнен әкемнен көрі анама қатты жақын болдым. Әйтседе, әкемді жақсы көрмеймін дегенге келмейді. Әкеге деген махаббатым шексіз. Балаларым үшін деп қақаған қысқада, аптап ыстыққа да қарамай құрылыс басында жұмыс істеп жүр. Әкем өте жомарт, адал, қамқор және балажан. Кішкентай балаларды қатты жақсы көреді.
Ата-анама ұл бұйырмағанмен төрт қыз нәсіп етіпті. Әкем үнемі бауырмал болыңдар, бір-біріңе қарайласыңдар деп жиі айтады. Балалық шағымыздың қызықта есте қалуына әкем мен анамның үлесі зор.
Әкем ұйықтады дегенде төртеуміз ас үйге ұрлана кіріп, анам тығып қойған қымбат, тәтті кәмпиттерді іздейтін едік. Біздің тықырымызды әкеміз біліп қоятын. "Кішкентай тышқандарым" деп еркелетіп, бізге қосылып іздеп кетуші еді. Қуанып отырып шәй ішетінбіз. "Түш анамыз оянып кетер" деп сықылықтап күлетін. Қазір ер жеттік, әпкелерім тұрмыста, мен оқуда. Балалық шақтың сол бір кезі әдемі естелікке айналды.
Сессия тапсыруға оқуға бара жатырмын. Әдеттегідей Атырау-Алматы бағытындағы пойызға міндім. Пойызда неше түрлі адам, неше түрлі оқиғаға тап боласың ғой. Осы сапарымдада жаңа адамдармен таныстым. Бәрін көріп қойын дәптеріме жазып алғаным. Жанымда жасы 30 дар шамасындағы ер адам мен бес-алты жастағы бала отырды. Есімі Димаш екен (анасының солай шақырғанынан білдім). Ер адам Димашты әбден еркелетіп, қытықтап ойнатып отырды. Мен оларды әкесі мен баласы деп ойладым. Сырт көзге қарағанда да бірден солай дерсіз...
Димаш пойызда зерікпеді, уақытын қызықты өткізді. Станцияға тоқтаған сайын әкесі оған тәтті-дәмдіні, ойыншықтың түрін әперді. Бір мезгілде Димаш мазасызданып, анасының тілін алмай, тентек болып отырған-ды. Анасы дауысын көтеріп еді, бірден бұртиа кетті. Әлгі ер адамның жанына келген Димаш оған шағымдана бастады. Ер адам қатты құшақтап, тентек болмауын, олай дұрыс болиайтынын түсіндіре кетті. Әкелік ақылын көрсетті. Анасынан кешірім сұраған Димаш әлгі ер адамның қолынан ұстап тұрып, "менің папам, менің папам ғой деп, мәз болып, қапсыра құшақтады. "Папатайым" деп сықылықтап күледі. Анасы сасқанынан "қой балам, ұят болады демесі бар ма. Анықтай келе олар бірін-бірі танымайтын екі түрлі станциядан түсетін жолаушылар болып шықты. Анасынан сұрастыра отырып Димаштың 1 жасында әкесі қайтыс болғанын, ұлын осы уақытқа дейін жалғыз өзі өсіргенін білдім. Ана баласының басқа ер адамға емірене, одан әкелік махаббат сезгеніне қатты таңғалғанын да жасыра алмады. Осының бәріне құлақ сала тыңдап отырған ер адам өзінің балажан екенін, Димашты көріп оның тәтті қылықтарына сүйсінемін деп, жұмыстан келе жатқан шаршауын басқанын айтты. Аз уақыттың ішінде өз баласындай көріп, әкелік махаббат көрсете білген сол адамға риза болдым, қатты тамсандым. Әйтпесе, туған баласына әкелік махаббатын көрсете алмай, сыртқа теуіп жүргендер қаншама. Алимет төлеуден бас тартатын әкелерді айтсаңызшы. Мойнындағы жауапкершілікті түсіне алмай адасып жүргендер дер едім.
Димаш бір күн болсада, әке махаббатын көріп сезіне білді. Әкеге деген махаббаты оянды. 5 жастағы бала әкесіз ер жетіп келгенін енді түсінгендей. Менің алғашқы ойым сияқты бір отбасы екен деген ойым шындық болғанында ғой деп, станцияма жеттім.
Р/S: Рахмет, саған әке қамқорлығың үшін. Денсаулығың мықты болып, мен жеткен жетістіктерге куә болсаң! Есіміңді талай жерге танытамын. Әрине, тек жақсы жағынан. Сені қалай мақтасада жарасады. Себебі, сен мақтауға лайықты әкесің.