Саясат
Тіпті, құжат алу үшін де қайта келудің қажеті жоқ
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]«Әскерилер Арыстың 16 көшесінен жарылмаған 70 снаряд тапты. Дені тұрғын үйлерге түскен. Қазір қалаға тіпті, құжат алу үшін де қайта келудің қажеті жоқ», - деп жазды Facebook-те Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі Сәкен Қалқаманов.
Еске сала кетсек, Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында 24 маусым күні таңертең жарылыс болды. Апат салдарынан екі адам мерт болды. 170-ке жуық адам зардап шекті. 20-ға жуық үй, 9 қора-қопсы жанып, далалы аумақта 14 ошақ тұтанды. Үй-жайлар мен ғимараттардың 80-90 пайызына әртүрлі деңгейде зақым келді. Бірқатар өңірде шұғыл желілер құрылды.
Түркістан облысына арнайы барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы әскери бөлімшедегі оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан зардап шеккен қала тұрғындарымен кездесіп, қаланың қалпына келтірілетініне уәде берді. Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Арыстағы жағдайға алаңдаушылық білдірді.
Бүгінгі Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин жарылыс салдарынан көз жұмғандардың туған-туыстарына көңіл айтып, тұрғындарға барлық көмек көрсетілетінін айтты.
Эвакуациялау кезінде мыңнан астам ата-ана баларынан көз жазып қалды. Қазіргі уақытта олардың барлығы да балаларымен қауышты, барлығы дін-аман. Факті бойынша қылмыстық іс қозғады.
Қаладағы төтенше жағдай жолаушылар пойыздарының кестесіне де әсер етті. 25 маусым, сағат 12.00-дегі жағдай бойынша әскери бөлім аумағында жарылыстар тоқтады. Дегенмен, оқ-дәрілер сақталатын қоймалардың аумағында бықсыған оттың ошақтары байқалғандықтан, ҚР Ішкі істер министрлігі жарылыстардың қайталану қаупі сақталып отырғанын ескертті.
Осы уақытта ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери-инженерлік қызметшілері Арыс қаласын минадан тазалау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Снарядтардың дені тұрғын үй алқаптарына түскен. Арыс тұрғындарына көмек қолын созу мақсатында елімізде «Арыс, біз біргеміз» акциясы бастау алды.