Саясат
АҚШ стратегтері Қытай мен Ресейдің арасында сызат түсіру үшін Орталық Азияны айдап салып отыр
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]29-шы шілде күні “ASIAN Nikkei” ақпараттық сайтында HIROYUKI AKITA атты комментатордың Ресей-Қытай қатынасының Орталық Азия тұрғысында қалай өрбитіні туралы мақаласы жарияланды. Мақаланың толық мазмұны мынадай:
Қытай мен Ресей Вашингтоннан ортақ жау тапқан сайын бір-біріне жақындай түседі.
Биыл маусым айының басында Президент Си Цзиньпиңнің Ресейге сапары барысында екі ел қарым-қатынасты тереңдетуге уағдаласып, бірлескен мәлімдемеге және 30-ға жуық экономикалық келісімдерге қол қойған болатын.
Кездесу барысында Си-дің ресейлік әріптесі Владимир Путин АҚШ-тың Қытайға қарсы сауда мен технологиялық санкцияларын сынға алды және АҚШ-тың қысымына қарсы онымен бірге жұмыс істеуге уәде берді. Сонымен бірге, екі ел АҚШ-тың Солтүстік Корея мен Иранға қатысты мақсаттарына да қарсы екенін білдірді.
Сарапшылар "Қытай мен Ресей арасындағы романтикалық қарым-қатынас шегіне жетті ме, әлде одан да қыза түсе ме?" деген сұрақ турасында бас қатырып жатқанымен, Олар бір-біріне бұрынғыдан гөрі көбірек мұқтаж екені анық сезіледі.
АҚШ пен Еуропаның санкцияларына сәйкес Ресейдің экономикалық өсімі осы жылы шамамен 1%-ға дейін баяулайды деп күтілуде. Бұл жағдай оны Қытайға көбірек сенім артуға итермелейді. Си Цзиньпиң үшін Ресей Вашингтонның Қытайға ұстанған қатаң саясатына қарсы тиімді құрал болып табылады.
Алайда екі ел байланысының барған сайын жақындай түскеніне қарамастан, Қытай мен Ресей өзара қақтығыстарға да төтеп берулеріне тура келеді.
Ресейлік әскери сарапшылардың пікірінше, Ресей "Қытайдан келуі мүмкін қауіпті сезінуде". Өйткені екі елдің күшінің айырмашылығы алшақтай түсуде. Мысалы, Қытайдың ішкі жалпы өнім құны Ресейден сегіз есе артық, ал халқының саны 10 есе көп. Ресей әсіресе, бір кездері Кеңес Одағының құрамында болған және орыстар өздерінің аумағы деп санайтын орталық Азия елдерінің Қытайдың ықпалына түсіп кете ме деп алаңдайды.
Бұлай алаңдаудың да жөні бар. Мысалы, 2018 жылы Қытай бұрынғы кеңестік үш республиканың - Өзбекстан, Түркіменстан және Қырғызстанның ірі сауда серіктесіне айналды. Қырғызстан мен Тәжікстан жариялаған ресми мәліметтерге сәйкес, Қытай осы екі елдегі тікелей шетелдік инвестициялардың ең ірі көзі болып табылады. Сонымен қатар Қытай Ресейден басып озып, Қазақстанның төртінші ірі қаржы құюшы еліне айналды.
Ресей Қытайдың Орталық Азиядағы экономикалық дамуына әзірге шыдамдылық танытады, өйткені Қытай инвестициясы аймақтық дамуға пайда әкеледі. Алайда қауіпсіздік басқа мәселе. Мәскеу Қытайдың өз территориясын жұтып қоюын қаламайды.
Маусым айының ортасында Өзбекстанда АҚШ, Еуропа және көрші елдердің министрлері, жоғары лауазымды тұлғалары және сарапшылары жиналып, аймақтық жағдайды талқылады. Кездесу барысында Қытай аса белсенді рөл атқарды.
Жергілікті сарапшылардың пікірінше, бірнеше жыл бұрын Қытайдың Тәжікстанға өз әскерлерін орналастыра бастағаннан кейін стратегиялық орта да өзгере бастаған еді. Жағдаймен таныс адамдардың айтуынша, Қытай СІМ өз әскерлерінің аймақта екенін мойындамағанымен, Ауғанстанда да осындай белгілер байқалады.
Бір сарапшының айтуынша, Тәжікстанда шекаралық бақылаудың босаңсуына байланысты Қытай оның қауіпсіздігін нығайтуға көмектесу үшін әскер жіберуі ықтимал. Бұл мәселе туралы Қытай Мәскеудің мақұлдауын алып та үлгерген болуы мүмкін. Десе де, жергілікті дипломаттар Ресейдің Қытайдың әскери операцияларына көбірек алаңдайтынын айтты.
Ресейдің өз аумағынан тыс ең үлкен әскери базасы Тәжікстанда орналасып, екіжақты келісімге сәйкес, 2042 жылға дейін болады деп жоспарланған. Орталық Азиядағы қауіпсіздік стратегиясының сарапшының айтуы бойынша аталмыш базада Ресейдің 8000-дай әскері бар екенін ескерсек, Ресей мен Қытай армиясының бір елде ұзақ уақыт қақтығыссыз қалуы мүмкін емес сияқты.
Ал Қытайдың мақсаты - Ресейді ашуландырып алмай, Орталық Азияда терроризмге қарсы стратегиясының бір бөлігі ретінде қауіпсіздікті сақтаудың маңызды рөлін ойнау болып табылады. Бірақ бұл оңай шаруа емес. Сонымен бірге Ресей АҚШ-тың аймаққа көз алартып отырғанына да алаңдайтын сияқты.
Негізінде Орталық Азияның бес мемлекетінің басшылары екінші саммитті наурыз айында өткізуді жоспарлаған болатын. Алайда Қазақстан Президентінің кенеттен өзгеруіне байланысты кездесу тоқтатылған еді. Әзірге жаңа жиналыстар жоспарланған жоқ. Саммиттің ресми түрде кейінге шегерілуінің себебі белгісіз болса да, жергілікті дипломатиялық дереккөздер нақты себеп- қатысушылардың Ресейдің қарсылығынан алаңдайтындығы деп есептейді.
- Ресейде көптеген адамдар әлі күнге дейін империялық менталитет ұстанады. Олар бұрынғы Кеңес Одағын өздерінің әсер ету аймағы деп санайды, - деді Ташкенттегі Тәуелсіз білім және зерттеу институтының саясаттанушы докторы Фаход Толипов. - Ресей “егер Орталық Азия интеграцияланса(біріксе), ол біртіндеп АҚШ-қа қарайбет бұрып,соңында АҚШ-тың теритотиясына айналыды” деп қате тұжырым жасайды.
Егер Қытай мен Ресей арасына сызат түссе, онда жаһандық саясатқа тигізетін әсері зор болмақ. Ал Қытай-орыс осінің әлсіреуі Батыс пен Жапонияға пайдалы болып, сонымен бірге халықаралық қауымдастықтың Солтүстік Кореяға қысымын арттыруына септігін тигізер еді.
Маусым айында Польша астанасы Варшавада АҚШ пен Еуропа арасындағы мемлекеттік-жеке меншік әріптестік туралы стратегиялық диалогта Батыс пен Пекиннің стратегиялық бәсекелестігін басым ету үшін Қытай мен Ресей арасындағы қақтығысты қалай өрбіту идеясы ұсынылды.
Вашингтонның әскери стратегінің пікірінше, Ресейдің Қырымды тартып алғанын ескерсек, Еуропа Путинмен татуласа қоймауы мүмкін. Алайда ол Путиннің мерзімі 2024 жылы аяқталғаннан кейін Америка Құрама Штаттары Ресейді Қытайдан белгілі бір қашықтықта ұстауға итермелеу үшін Мәскеумен шиеленісті бәсеңдетуге тырысуы керек деп санайды.
Қытай мен Ресей арасындағы шекара 4000 шақырымнан асады. Екі елдің 1969-шы жылғы әскери қақтығысты қайталауы екіталай болса да, араларындағы тарихи геосаяси бәсекелестікті ескерсек, олардың романтикасы мәңгілік бола қоймайтын сыңайлы.