Саясат
Осының алдында Атамбаев қару қолданғанын мойындаған еді
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев Қой-Ташта болған арнайы жасақ пен жақтастарының арасында болған қанды қақтығысқа түсініктеме бере отырып, өзі де әскери қару қолданғанын әрі оның атқан оғы тайқып келіп, арнайы жасақ жауынгеріне тиюі мүмкін екендігін жеткізді, деп хабарлайды Bugin.kz тәуелсіз авторлар платформасы barometr.kg сайтын сілтеме жасап.
Атамбаев осыған дейін қару қолданып, оқ атқанын мойындаған еді. Алайда оқты барынша көздемей, жанап атуға тырысқанын да ескерткен.
- Айнала қараңғы еді, барынша "жігіттерге" оқ тигізбеу үшін көздемей аттым. Иә, оқтың тайқып ұшқан кезі болды. Оларды да біреулер арттарынан итеріп, алға шығуға мәжбүрлеумен болды. Арнайы жасақ келгенде-ақ "өліспей, беріспейтінімді" айтқан болатынмын. Өйткені Сооранбайдың мені өлтіртпекші болғанын сезіп отырмын. Оның алдауына көнетін ақымақ емеспін. Қайтыс болған жауынгердің де, жараланған азаматтардың да қаны Сооронбай Жээнбеков бастаған биліктің мойнында, - деді Атамбаев тілшілерге.
Айта кеткен жөн, кеше түнде Атамбаевтың Қой-Таштағы резиденциясында болған ұстау операциясынан 52 адам зардап шеккен. Жауынгерлердің арасынан біреуі кеудесіне оқ тиіп, қайтыс болды. Ол 22 жастағы жігіт болатын. Қазір екі адам ауруханада жан сақтау бөлімінде жатыр, тағы 38-і ауруханаға жеткізілген.
Тағы бір полиция қызметкері комада жатыр.
Елдің Бас прокуратурасының хабарлауынша, жарақат алған азаматтардың 22-сі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері, тағы екеуі – тәртіп сақшылары.
Ал өз кезегінде Атамбаев Ресейдің президенті Владимир Путиннен көмек сұрамағанын, өйткені бұл өз елінің ішкі мәселесі екендігін айтты.