Экономика

Кедейлікке әкелетін қателіктер

Есіңізде болсын!

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Бүгінде жоғары білім беретін дипломға кез келген жан қол жеткізе алады. Екіден, үштен, тіпті одан да көп дипломдары барлар қаншама...  Алайда олардың қаржы туралы түсініктерін орта мектептің бесінші сыныбының деңгейімен өлшеуге болады екен. Ендеше, кедейлікке апаратын ең кең таралған қателіктерді көрейікші.

Ең алдымен адамдар өзінің қаржылық сауатын көтеруге ұмтылмайды. Жоғары оқу орны мен мектепте бұған үйретпейді бізді. Ендеше, өзіміз қимылдауымыз қажет. Яғни, кітаптар сатып алып оқиық, тренингтерге қатысайық. Ал мұның бәрі ақша тұрады ғой, оның үстіне алған біліміңді қолданып көру керек. Дегенмен, таңдау өзіңізде. Егер бай болғыңыз келсе, әрекет етіңіз, үйренуге, білуге мән беріңіз.

Түрлі қаржылық пирамидалар, лохотрондар, ештеңе істемей-ақ ақша табуға берілген уәделер көптеген адамдардың тірнектеп жиған-тергендерін далаға ұшырды. Мысық қана тез туа алады, ал оңай олжаға кенелгісі келетіндер әттең, соны елмейтіні өкінішті. Ештеңе істемей-ақ қаржыға қарқ болам деу, бос әурешілік, есіңізде сақтаңыз.

Кіріс кіргізудің бір ғана жолы бар, бұл сіздің күш-жігеріңізге келіп тіреледі. Бүгінде капитал жинақтауға арналған мүмкіндіктер көп, яғни, үйренем деушілерге есік ашық. Бірақ қаншама адамдар шығыс туралы есеп жүргізбейді, нәтижесінде эмоцияға беріліп, ақшаны аямай жұмсай береді. Келеді, көреді, ұнайды, алады. Ал соның салдарынан үй керек емес заттарға толады, әмияныңызда ақша тұрақтамайтын болады.

Сондай-ақ басқалардан қалыспаймын деп тыраштанатын әдетіміз бар. Жаңа жерге жұмысқа тұрсақ болды, жаңа көлік, сағат, костюм сатып алуымыз керек. Бірақ әлі айлық алып үлгерген жоқпыз ғой, олай болса, несиеге аламыз. Осындай жолды таңдағандар қалай бай болады, айтыңызшы?

Айта кететін тағы бір жайт бар, қарызға да ақшаны аямай береміз. Доспыз ғой деп қоямыз. Алайда достардың барлығы қандай екендіктерін нақ осы тұста көрсетіп қояды. Яғни, олардың басым көпшілігі сізден қарыз ала сала ұмытуға тырысады, өйткені қарызды қайтармауы керек қой.

Бай болу туралы сөз қозғалғанда, қорқыныш бойды билейтіні бар. Ал адам баюы үшін қаржылай білімін көтеріп, келе жатқан ақша ағынын арттыруда өзімен жұмыс жасауы тиіс. Сонда ғана ақшаны тиімді жұмсап, дұрыс айналымға сала аласыз. Міне осы тұста қорқыныш кедергі келтіреді. Бірақ қорқу ақымақтық болар еді. Өмір деген өтеді де кетеді, ал қорқа берсеңіз, ештеңеге де үлгермей қаласыз.

Ақша туралы айтылғанда, сенім керек дегенді бәрі айтады да, жазады да. Ал шын мәнінде өз басыңнан өткермей, бәрібір ешетеңе түсінбейсің. Ендеше, білгеніңізді тірлікте қолданыңыз, тәжірибе жинаңыз, сонда ғана қорытынды шығарасыз.

Айналаңыздан үйреніңіз. Кеңес дәуірінде біз үшін бай болу жаман ұғым болатын. Қазір де ақшаң жоқ болса, қалыпты жағдай деп қарайды. Соның салдарынан қаншама адамдар айлықтан айлыққа қарап күн көруде. Бірақ бұл басқалар үшін қалыпты саналатын жағдай сіз үшін де қалыпты дегенді білдірмейді. Ендеше, өзіңізді де, тілегіңізді де өзгертіңіз, қолыңыздан келеді!