Weekend

Қалай берілмеуге болады?

Мүмкін керегіңізге жарар...

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Әркімде де арман бар. Бірақ қаншама жылдар бойы ұмтылса да көздегеніне жете алмай жүргендер көп. Әрине, сондайда бойды ашу-ыза кернейді, тіпті күйзеліске түсіп кететіндер де кездеседі. 

Себебі бәрін дұрыс істеп келе жатқан сияқты боласың, яғни, жоспарлайсың, тәулігіне 12 сағаттан жұмыс істейсің, ал арманың болса, сол арман күйінде қала береді. 

Мұндай қарама-қайшылыққа не істерсің?! Ендеше, қалай берілмеуге, өз жолыңнан таймауға болады? Кезекті сәтсіздіктен кейін қалай өз-өзіңе келу керек? Өмір деген біз ойлағандай тек қана әділетсіздіктен тұрмайтындығына қалайша көз жеткізе аламыз?

Жалғыз жауабы бар - бой ұсыну, яғни, мойындау. Алайда бұл нені білдіреді және нақты проблемаға қалай көмектесе алады деген заңды сұрақ туындайды. Алдымен мына сауалға жауап беріңізші, адамдар неге тек жамандықты ғана есте сақтап қалады? Жылдар бойы біз біреуге деген өкпе-ренішімізді іште ұстаймыз да, ал оның бар жақсы қасиеттерін мүлде ескермейміз. Тіпті туыстарымызбен сөзге келіп қалсақ та барынша қаралаймыз, ондайда оларды қандай  жақсы көретінімізді мүлде ұмытып кетеміз. Неліктен?

Міне, осы тұста бой ұсынудың  бірінші қағидасы туындайды – «Тек жақсыны ойлап, жақсыны еске түсірейік». Яғни,   адамдармен араласқанда, олардың кемшіліктерін емес, жетістіктерін ойлайық. Сонда тиімді түрде бірлесе жұмыс істеу әлдеқайда оңай болады, сеніңіз! Егер іштей кек сақтап, сізді ренжіткен адамнан арандату күтсеңіз, ерте ме, кеш пе, бұған да душар боласыз. Жаратылыс заңы солай. Одан да өмірде жақсылық та, жамандық та қатар жүретінін мойындаған дұрыс. Мойындау дегеніміз, өмірге деген жүйелі көзқарас болып табылады. Шын мәнінде мойындау - адам үшін аса маңызды қасиеттердің бірі. Сенбесеңіз, қараңыз. Әдетте, біз бір-бірімізбен сөз етпейтін бір тақырып бар:  ол - өлім. Өлім бой ұсынуға үйретеді. Өйткені бәрімізді де ең соңында өлім күтіп тұрғандықтан, мұны мойындаймыз. Сондықтан мойындау дейтін қасиеттің керек екендігін енді түсінген шығарсыз деп ойлаймын.

Бой ұсынудың екінші қағидасы – «Өзіңнің өмірлік жолыңды қабылда  және сол жолмен еш күдіксіз жүре бер». Әрқайсысымыздың пешенемізге жазылған тағдырымыз бар. Бәріміз де түсінеміз, дегенмен, еліктеушілік пен жалған намысқа бой алдырып, көп ретте іштей мойындағымыз келмейді. Ең күлкілі жағдай сол, өмірде мынадай да болады, ғалымның отбасында дүниеге келген адамға әнші болу немесе құрылысшының отбасында туылған жанға ғалым болу бұйырған. Мұны қаншама ата-ана түсінбестен, перзентін өздері жүрген жолмен жүргізгісі келіп сүйрелейді, сөйтіп балалары арқылы өздерінің жобаларын жүзеге асырғанды дұрыс санайды. Алайда, ата-ананы бұл үшін кінәлаудың қажеті жоқ, себебі оларды да кезінде біреулер солай тәрбиелеген. Бірақ ерте ме, кеш пе, өз өміріміз үшін өзіміз жауапты болатын сәт туады. Міне, осы сәтті қабылдап, дәлірек айтқанда, маңдайыңа жазылғанды  мойындап, нақ сол бағытта даму керек. Өзіңе ең ұнайтын, көңілің қатты қалайтын жайға бой ұсыну керектігі күлкілі естіледі әрине.

Бәрі дұрыс дейік, тіпті қызық, бірақ пешенемізге жазылғанды кеш түсінсек қайтеміз? Мысалы, 40-50 жаста? Бұл уақытта бәрінің де отбасы, бала-шағасы бар, оларды асырау керек... Міне, осы тұста бой ұсынудың үшінші қағидасы қажет болады – «Ешқандай қиындыққа қарамастан, табысқа ниет ет. Ниет ету армандау деген сөз емес. Ниет ету – неге ұмтылсаң, соған қол жеткізетініңді дәл білу! Ниет ету – тілек + іс-әрекет». Әрине, дәл білу үшін дұрыс, нақты ұстанымың мен жоспарың болуы қажет. Сонда шындыққа сай табысқа қол жеткізуде іс-әрекетке көшкен кезде, соны жүзеге асыратыныңды мойындауға тура келеді. Яғни, айналадағылардың ақыл-кеңестері мен күдік келтіру дегенді мүлде өшіру керек. Тек өз ұмтылысыңызды су мен ауа сияқты өмірлік қажеттілік деп түсінсеңіз, солай қабылдасаңыз болғаны.

Сөз соңында өз жолымен жүріп, маңдайына жазылғанды бастан кешкен табысты адамның тарихын баяндап берейік.

7 жасқа толғанда, оның отбасын үйдің ақысын төлей алмағаны үшін қуып шығады. Жақындарын асырау үшін кішкентай  балаға жұмыс істеуге тура келеді. 9 жасқа толғанда, анасы қайтыс болады. Ал 22 жасында дүкендегі курьерлік жұмысынан айырылады. Ол заң қызметкері мамандығына оқығысы келеді, бірақ білімі жетпейді. 23 жасында шағын бір дүкенге серіктес боламын деп қарызға белшесінен батады. 26 жасында жұмыстағы әріптесі қайтыс болып, барлық қарыз мойнына артылып, ұзақ жылдар бойы төлеуге тура келеді. 28 жасында 4 жыл бірге достасқан қызына тұрмысқа шығуға ұсыныс жасағанда, қыз қарсы болады. 38 жасында үшінші әрекеттен кейін Конгресске сайланады, бірақ екі жылдан соң оны қайта сайламайды. 41 жасында 4 жасар баласынан айырылады. 45 жасында Сенатқа өтуге талпынады, бірақ тағы да сәтсіздікке ұшырайды. Ал 51 жасында оны Америка Құрама Штаттарының Президенті етіп сайлайды. Бұл адамның аты Авраам Линкольн болатын.