Weekend

Қорғаушы періштеңізге сеніңіз

Оқыңыз, қызық!

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Бір адам қайтыс болады да, оның жаны денесінен бөлініп, жоғары көтеріледі. Небір тау-тас пен теңіз үстінен қалқи ұшып жағалауға жеткенде, құм үстінде қатар түскен екі ізді көреді. 

Оның біреуі ұзақ әрі үздіксіз созылып жатса, екіншісі үзік-үзік екен.

         - Бұл не? – деп сұрайды адам.

         - Сенің жер бетіндегі жүріп өткен жолдарың, - деген жауап келеді көктен.

         - Неге екеу, сонда менің қасымда кім болған?

         - Ол сенің қорғаушы-періштең.

         - Неге менің ізім бір жерде бар да, бір жерде жоқ, бұл уақытта періштем мені тастап кеткен бе?

         - Жоқ, ол сені қолымен көтеріп тұрған.

Қиын жағдайға тап болғанда, бір құдіретті күштің күтпеген жерден көмектескенін көп адам мойындап жатады. Яғни, біреулер түс көріп, үміті қайта оянады, ал енді біреулерге ойламаған жерден алыстағы туысы хабарласады, тығырықтан шығарар жолды сол айтады. Әрине, мұның бәрі кездейсоқ болып көрінуі мүмкін, бірақ бұл бізге көктен көмек қолын созған қорғаушы-періште екендігін көбісі біле бермейді.

Барлық адамның қорғаушы-періштесі болады. Олар бізге көмектесуге әрқашан дайын. Ал олардың көмегіне жүгінген күннен бастап өміріңіз керемет өзгерістерге тола бастайды.

Періштелердің дауысын есту, олармен байланыс жасау үшін ең алдымен ниетіңіз, қалауыңыз қатты болуы қажет. Сосын екі ережені ешқашан естен шығармау керек: жағымсыз эмоцияға берілмеңіз және өзіңіздің ішкі даусыңызды үнемі тыңдай біліңіз, яғни, айналаңызда болып жатқан оқиғаның барлығы жайдан жай емес, егер мән беріп қарасаңыз, бәрі сізге белгі береді, тек соны түсіне білсек болғаны.

Белгілі бір уақытты күтпестен, мейлі күндіз болсын, мейлі түнде болсын, өзіңізді жайсыз сезінген кезде көзді жұмып, қорғаушы-періштеңіздің жаныңызда жүргендігін елестетіңіз. Сонда бірден жеңілдеп қаласыз.

Періштенің көмегі көп ретте бізге басқа адамдар арқылы жетеді. Баяғы таныстар, достар, жұмыстағы әріптестер немесе кездейсоқ кездескен бір адам, барлығының да іс-әрекеті мен сөзінде сізге қажетті жайттар бар.

Ал кейде, өмірден қатты қажыған сәттерде қорғаушы-періштеміз бізге ойдағыдай көңіл бөлмей жатқандай болып көрінеді. Тіпті періштенің бар екендігіне күдікпен қарайтындар да бар. Солардың қатарынан табылсаңыз, онда айтарымыз – сіз өзіңіздің өмір сүру салтыңызға, тәртібіңізге көңіл бөліп көрдіңіз бе, ешкімге жамандық ойлап жүрген жоқсыз ба? Өйткені періштелер тек қана жақсылыққа жол сілтей алады.

Жасыратыны жоқ, кейде өзіміздің не қалайтынымызды түсінбейтін кездер болады, соның салдарынан көктен сұрағанымыз жерден табылмай, ренжіп қаламыз. Маңыздысы сол, тілейтін тілекті нақты әрі дұрыс құрастыра білсек, ол орындалады.

Ал ең соңында қорғаушы-періштеге алғыс айтуды ұмытып кетпеңіз.