Bugin

Тұрғымбаев Үкімет үйіне жиналып жатқан полицейлерге қатысты түсініктеме берді

Күзет күшейтіле ме?

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Бүгін таңертең Ақорда мен Министрлер үйінің алдында арнайы жасақ пен полиция қызметкерлерінің жаппай жиналып жатқаны жайлы хабар тараған еді. Қызметкерлердің кейбірі үкімет үйі жанынан өтіп бара жатқан тұрғындарды тоқтатып, құжаттарын тексерген көрінеді.

Осыған байланысты тілшілер қауымы да үкімет отырысы кезінде Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың мұның себебін сұрап көрген болатын.

Ал елдің бас полицейі үкімет үйін күзету құқық қорғау органдарының міндеті екенін әрі тәртіп сақшылары қалаған азаматты тоқтатып, құжаттарын талап етуге құқылы екендігін жеткізген.

- Бізде мемлекеттік нысандарды күзететін арнайы қызмет түрі бар. Олар ғимаратқа кіргендердің құжатын тексеріп, есеп жүргізіп отырады, - деп бастады сөзін Тұрғымбаев.

Егер олар қандай да бір қауіптің бар екенін сезетін болса, онда құжат талап етуге толық құқығы бар.

- Құжатты тексергенде тұрған не бар? Егер заң бұзса ғана әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ал заң бұзбаса, оған да ешкім кінәрат қоймайды. Егер тұрғындар тарапынан қандай да бір шағым мен арыз болса, бізге жазсын. Біз міндетті түрде қарастырамыз. Тағы да ресми түрде мәлім етемін. Құжаттарын заңсыз тексеріп, мазасын алған полиция қызметкерлері болса, бізге шағым түсірсін, оны міндетті түрде қарастыратынымызға уәде беремін, - деді бас полицей. 

Айта кеткен жөн, Қазақстанда тыйым салынған «ҚДТ» ұйымы 21 қыркүйек күні митинг өткізу туралы үндеу жариялаған еді.

Zakon.kz