Саясат
Әблязовтің жеті бірдей сыбайласына сот үкімі шықты
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі екінші департаментінің басшысы Сергей Перовтің айтуынша, Әблязовтің сыбайластары шетелде күндерін көре алмай, қиын жағдайда қалған.
"Олардың бәрі бірауыздан далада қалғанын айтады. Біреуі көше сыпырушы болған, енді бірі ұсақ қылмыс жасап күнін көрген. Отбасы мен жақындарынан алыста, үнемі қорқып, ізін жасырып жүруге мәжбүр болған", - дейді Перов агенттікте өткен брифингте.
Оның айтуынша, әлі 18 адам іздеуде жүр. Шамамен осыншасы елге оралған.
"Олардың қай елдерде бой тасалап жүргені бізге мәлім. Алайда тергеу мүддесіне байланысты ақпаратты жария ете алмаймын. Тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр", - деді департамент басшысы.
Осы орайда агенттік қашқын банкирдің сыбайластарын өз еркімен елге оралуға шақырды.
"Біз істің объективті қаралатынына кепілдік береміз. Қазір біз Әблязовтің әрбір сыбайласының қылмыстық схемада қандай рөл атқарғанын жақсы білеміз. Оның ол адамдарды қалай пайдаланып кеткені де бізге аян. Сондықтан өз еркімен елге оралғандар, тергеуге көмектесіп, айыптыларды анықтауға жәрдем еткендер бас бостандығынан айырылмайды. Оларға тек айыппұл салынады немесе шартты түрде сотталады", - деп сендірді Перов.
Сот отырысы осы жылдың 23 тамызында Алматы қаласы Медеу ауданының №2 сотында болған. Жеті сыбайластың үшеуі – Ресей азаматтары Артур Трофимов, Максим Хаблов, Анар Әбдіқайымова, біреуі – Украина азаматы Ержан Қадесов және үш қазақстандық Анатолий Погорелов, Валерий Налобин және Зәуре Жүнісова.
Оларға сот үкімімен 1500 АЕК-тан 3 мың АЕК-қа дейін айыппұл салынды.
Үкім заңды күшіне енді.