Bugin

Тоқаевтың тапсырмасы: «Астана ЛРТ» қаржысын жымқырғаны үшін әкім қызметкерлері сотталуы мүмкін

Нақты кім екені алда белгілі болады

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

8 қазан күні Нұр-Сұлтан қаласында өткен жиында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордада салынып жатқан рельс көлікке бөлінген қаржыны кім талан-таражға түсіргенін анықтау үшін Жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігіне тапсырма берген еді.

- Жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігіне осы іске қатысты тергеу шараларын күшейтуді тапсырамын. Бір адамның (Талғат Ардан – ред.) шетелге қашып кеткенін айтып отыра бергеннен ештеңе шықпайды. Оның әдейі қашып кеткені онсыз да түсінікті. Бұған қала әкімдігінің де қатысы бар. Жобаның бас-қасында болғандардың қолы құжатта тұр. Мұндай шешімді бір адам ғана қабылдамағаны белгілі. Негізгі шешімді әкімдік қабылдады ғой. Тереңірек тергеу керек, - деген еді Тоқаев.

Ал Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Астана ЛРТ» ісіне қатысты тергеу шараларының аяқталып қалғанын мәлімдеп отыр.

- Тергеу аяқталып қалды. Бірді-екілі сараптама ғана қалды. Мемлекетке келген шығынның көлемі 1 млрд теңгеге дейін жетті. Қазіргі күнде 6 адам күдікке ілініп отыр. Олардың арасында Елорда әкімдігінің басшылары да бар, - дейді Жемқорлыққа қарсы Агенттіктің тергеу департаментінің басшысы Сергей Перов.

Алайда Перов күдікті 6 адамның атын атаудан бас тартты. «Әкімдіктің бұрынғы басшы қызметкерлері» деп қысқа қайырды.

Тергеу шараларына осындай құрылыстарымен айналысатын жекеменшік компаниялар мен Ұлттық банк сарапшылары тартылды. Құрылыс жұмыстарының көлеміне қарай талдау жасалуда.

Айта кеткеніміз жөн, бұған дейін Катар елінің «Әл-Жазира» телеарнасы Қытай инвестиция құйып отырған бұл жобаның ақшасын талан-таражға салған Астана қаласының экс-әкімдерінің – Иманғали Тасмағамбетов, Әділбек Жақсыбеков пен Әсет Исекешевтің қатысы болуы мүмкін деп жорамал жасаған еді.

Forbes.kz