Bugin

Жаңа заң туралы: Енді ұлттық спорттың тағдыры не болады?

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Жануарларды қорғау туралы заң жобасы талқыланған отырыста мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан ұлттық спорттың тағдырына алаңдады, - деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Мәжілістің жалпы отырысында «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасы талқыланды. Заң жобасы жануарларға жауыздық жасайтындарға қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті күшейтуді көздеген.

«Ұлттық спорт жануарларға да, адамға да өте қауіпті. Мен бұл жерде көкпар, бәйге, асау үйретуді айтып отырмын. Заң жобасында «жануарлардың жарақат алуына, мертігуіне, олардың өлуіне әкеп соқтыратын ойын-сауық шараларын ұйымдастыруға және өткізуге тыйым салынады» делінген. Енді ұлттық спорттың тағдыры не болады?», - деді Бекболат Тілеухан.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев заң жобасының басты мақсаты жануарларды қатігездіктен қорғау екенін атап өтті.

«Өзіңіз айтып өткендей, жануарларға залал келтіретін ойын-сауық шараларын өткізуге тыйым салынған. Мысалы, ит төбелестіру. Ал жануарлардың қатысуымен өтетін ұлттық спорт түрлері жануарға зақым келтіруді көздемейді. Сондықтан заң жобасында жануарлардың ұлттық спорт түрлеріне қатысуына тыйым салу қарастырылмаған», - деп жауап берді Брекешев.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң қабылданғаны туралы айтқан болатынбыз.